Денеге сурет салдыру әлдеқашан жаппай трендке айналғанымен, бұл процедураның биологиялық салдары көбіне назардан тыс қалып қояды. Дәрігерлердің ескертуінше, татуировка аллергиялық реакциялар мен инфекциялар тудырып қана қоймай, емдік манипуляцияларды жүргізуді де қиындатады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Теріге енген пигменттер адамның иммундық жүйесімен әрекеттеседі. Мамандар татуировка салу процесінің өзі терінің жоғарғы қабаттарын жарақаттайтынын, мұның денсаулыққа тікелей қауіп төндіріп, түрлі асқынуларға әкелуі мүмкін екенін атап өтеді.
Дәрігерлер ең көп таралған қауіптердің қатарына пигменттерге аллергиялық реакцияларды, бактериялық инфекцияларды және сия айналасында гранулёмалардың пайда болуын жатқызады. Сонымен қатар стерильденбеген құрал-жабдықты пайдалану ауыр қауіп төндіреді — ол арқылы В және С гепатиттері сияқты қауіпті инфекциялар жұғады. Қызыл пигмент қалғандарына қарағанда аллергияны жиі тудырады, әрі реакция шеберге барғаннан кейін жылдар өткен соң да білінуі мүмкін.
Ірі немесе жаңа салынған татуировкалар да медициналық процедураларды жүргізуді қиындатады. Мысалы, пластикалық хирургтер қабыну қаупіне байланысты жаңа сурет салынған аймақтарда жоспарлы ота жасаудан бас тартады. Магнитті-резонанстық томография кезінде құрамында темір оксиді бар сия кейде күйдіру сезімін тудырады, ал анестезиологтар эпидуральді анальгезия кезінде татуировкаланған терінің дәл ортасынан инені салудан қашады.


