Мемлекеттік емханаларда тар мамандардың жоқтығы қазақстандықтарды қабылдау мен тексеруді жекеменшік клиникаларда ақылы жасауға мәжбүрлеп отыр. Threads әлеуметтік желісінің қолданушысы Бекболат Хуанбаев кенеттен шыққан бөртпені емдеу әрекеті бір айлық стипендиясына тең сомаға түскенін айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«Бүгін Қазақстанда ауырып қалу да — сән-салтанат екенін түсіндім. Денеме бөртпе шықты. Күтпейін деп, тіркелген жерімдегі мемлекеттік емханаға бардым. Дерматолог жоқ. Келесі айда келіңіз», — деп жазады қазақстандық.
Бекболат дәрігерге бөртпенің сол күні шыққанын және қаралу қажеттігін түсіндірді. Содан кейін оны ақылы клиникаға жіберді.
«Қолжетімді клиника ретінде ұсынылған Эмирмедке бардым. Дерматолог қабылдауы 7 000 теңге. Жарайды. Дәрігер екі анализ тағайындады», — деп жазды ол.
Қазақстандық қазір студент екенін және тексеру мен емдеуді қоса есептегенде 15–20 мың теңгеге сыйғызуды жоспарлағанын нақтылады.
«Бірақ маған шот қойғанда (…), екі анализ үшін 49 000 теңге болды. Бұл — менің бүкіл стипендияма. Оның үстіне дәрі де сатып ала қойған жоқпын. Енді отырып ойланамын: қалай емделуім керек? Медицинаға ақы төлеуге қарсы емеспін. Дәрігерлер оқығанын, құрал-жабдықтың ақша тұратынын түсінемін. Бірақ қарапайым студент неге анализ тапсыру, дәрі алу немесе бір ай өмір сүру арасында таңдау жасауы керек? Мемлекеттік ауруханада — дерматолог жоқ. Ақылысында — 49 мыңдық анализдер», — деп сұрақ қойды қазақстандық.
Пікірлерде қазақстандыққа оның нақты жағдайында «аз шығынмен» құтылуға болатынын, бүкіл стипендияны жұмсаудың қажеті жоқтығын айтты. Атап айтқанда, қолданушылар облыстық тері-венерологиялық диспансерге тіркелусіз-ақ баруға болатынын жеткізді.
«Тері-венерологиялық диспансерде әрқашан тегін қабылдайтын. Қабылдау, анализ тапсыру — бәрі тегін», — деп жазды marzhan62168 қолданушысы.
Алайда басқа пікір қалдырушылар мәселе тек мемлекеттік емханалардағы дерматологтарда емес екенін атап өтті. Тар мамандар жетіспейді, оларға кезек те жазылған, сондықтан қазақстандықтар жиі жекеменшік клиникаларда ақша жұмсауға мәжбүр.
«Бұл мәселені мемлекеттік деңгейде көтеру керек. Көбісі қаржы жоқтықтан уақытында емделмейді, кейбіреулер үшін бәрі өліммен аяқталады», — деп жазды ma_cherie777s қолданушысы.
Бұған дейін «Курсив» 2026 жылдың қаңтар қорытындысы бойынша елде денсаулық сақтау қызметтері бір жылда 17%-дан астам қымбаттағанын, ал кейбір бағыттар бойынша баға өсімі 40%-ға жеткенін жазған.


