Ақмола облысы полицейлері бұрынғы әйелінің көлігін ұрлауға күдікті ер адамды ұстады, деп хабарлайды infohub.kz.

Оқиға Степногорск қаласында болған. Полиция қызметкерлерінің анықтауынша, ер адам арақ-шарап ішкеннен кейін бұрынғы әйелінің көлігінің кілті сақталғанын есіне алған. Ол көлік әдеттегі тұрақ орнында тұр деген жорамалмен сол жаққа барып, Renault Scenic автокөлігін заңсыз иеленіп алған, деп мәлімдеді ведомство.

Біраз уақыт өткен соң Степногорск қалалық полиция басқармасына көлік ұрланғаны туралы арыз түскен.

Сонымен қатар, ұрланған автокөлік жол-көлік апатына түсіп, жүргізуші апат орнынан қашып кеткен.

Жедел-іздестіру іс-шаралары нәтижесінде полиция қызметкерлері ер адамның орнын анықтап, оны ұстап, одан әрі тексеру үшін полиция басқармасына жеткізді. Осы факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.