SpaceX компаниясы жаңа буын Старлинк V5 спутниктік терминалын таныстырды. Интернет жылдамдығы 375 Мбит/с-тан асады, ал құрылғының өзі жеңіл әрі ықшам болған, деп хабарлайды infohub.kz.
Компанияның мәліметінше, жаңа терминал алдыңғы Старлинк V4-тен 35% ықшам. Антеннаның салмағы 1,1 кг-ға дейін азайып, тасымалдау мен орнатуды жеңілдеткен, әсіресе шалғай аймақтарда.
Энергия тұтыну айтарлықтай төмендеген: Старлинк V5 орта есеппен 35–50 Вт жұмсайды – бұл алдыңғы үлгіден 50% дерлік аз.
Терминал 110 градус шолу бұрышын, IP67 корпус қорғанысын және қарды ерітуге арналған антеннаны жылыту функциясын сақтап қалған.
SpaceX сонымен қатар ауа райына төзімділікті арттырған: Старлинк V4 сағатына 97 км-ге дейінгі желге есептелсе, жаңа үлгі 265 км/сағ дейінгі екпінді желде жұмыс істейді.
Жинаққа жаңартылған Router Mini маршрутизаторы кіреді: Wi‑Fi 6, екі гигабиттік Ethernet порты және бір уақытта 235 құрылғыға дейін қызмет көрсете алады. Ол қолданыстағы Старлинк Mesh-желілер экожүйесімен үйлесімді.
Жаңа өнімнің бағасы мен жаппай сатылымға шығу мерзімі әзірге жарияланбады.
Айта кетейік, Старлинк спутниктік интернеті ҚТЖ пойыздарында жаз соңына дейін пайда болады.


