Спутниктік интернет Starlink енді Қазақстанда ресми сату арнасы арқылы сатып алынады: құрылғыларды Starlink-тің уәкілетті серіктесі сатады, ал сатып алу Halyk Market-тің мобильді нұсқасында қолжетімді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Starlink — SpaceX компаниясының спутниктік интернеті. Ол кабельдік интернет жоқ немесе ұялы байланыс нашар жұмыс істейтін жерлерде де байланыста болуға мүмкіндік береді. Сигнал спутниктерден тікелей келеді, сондықтан қосылу үшін кабель де, ұялы байланыс мұнарасы да қажет емес. Аспанға көзқарасы ашық арнайы антеннаны орнатып, Wi-Fi таратуға арналған роутерді қосу жеткілікті.
Аумағы кең Қазақстан үшін бұл әсіресе өзекті. Кейбір ауылдар, саяжайлар мен қала сыртындағы елді мекендер әлі күнге дейін тұрақты интернетсіз отыр, ал шалғай аудандарға кабель тарту қымбатқа түседі. Енді қазақстандықтардың Starlink-ті ресми арна арқылы сатып алуға мүмкіндігі бар. Уәкілетті серіктес құрылғыларды өндірушіден тікелей сатып алып, оларды Halyk Market маркетплейсінде эксклюзивті түрде сатады. Сатып алушы құжаттары мен ресми кепілдігі бар түпнұсқа жабдықты алады.
«Halyk Market Starlink-тің уәкілетті серіктесі жабдығының эксклюзивті сату алаңына айналғанына қуаныштымыз. Енді сатып алушылар түпнұсқа жабдықты тиімді шарттармен, ресми кепілдікпен және бөліп төлеу мүмкіндігімен ала алатыны біз үшін маңызды. Сонымен қатар Starlink-тің әлеуеті зор екенін тек тұтынушылық нарықта ғана емес, корпоративтік сегментте де, әсіресе өнеркәсіп кәсіпорындары, аграрлық кешендер мен фермерлік шаруашылықтар арасында байқап отырмыз. Бұл — біз Halyk Market-те одан әрі дамытуды жоспарлап отырған перспективалы санат», — деді Halyk Market CEO-сы Алишер Елюбаев.
Бастапқы кезеңде екі модель қолжетімді. Starlink Standard тұрақты пайдалануға арналған: жеке үйлерде, саяжайларда, ауылдарда, сондай-ақ интернет үзіліспен жұмыс істейтін қалада. Starlink Mini — роутері кіріктірілген ықшам антенна, оны үйде де пайдаланып, сапарға да алып жүруге болады. Антенна спутниктерді өзі табады, оны қолмен баптаудың қажеті жоқ.
Жинақтарды 12 айға бөліп төлеуге болады. 30 қарашаға дейін қосылу 30% жеңілдікпен ұсынылады.


