Қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Софья Самоделкина АҚШ-тың Эверетт қаласында өткен Гран-при кезеңіндегі өнерінен кейін жанкүйерлерге қолдауы үшін алғыс айтты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұл жарыста спортшы бесінші орын алды. Қысқа бағдарламадан кейін ол 11-орында ғана тұрған, алайда турнир кестесінде алға қарай серпіліс жасай білді. Еркін бағдарламада Самоделкина ресми жарыста үш айналымды аксельді орындаған тұңғыш қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы атанды.
Турнир аяқталған соң спортшы Instagram-stories парақшасында жанкүйерлерге арнап жазба жариялады.
«Бәріне сәлем! Қолдауларыңыз үшін көп рақмет! Алға!» — деп жазды Самоделкина.
Осыған ұқсас алғыс сөзін ол ағылшын тілінде де қайталап жариялады.
Бұған дейін Канаданың Келоуна қаласындағы Гран-при кезеңінде де қазақстандық спортшы бесінші орын алған. Жалпы есепте ол 14 ұпай жинады. Бұл Самоделкинаға халықаралық серияның финалына жолдама алуға жеткіліксіз — онда үздік алты нәтиже көрсеткен спортшылар сынға түседі.
Жарыстардағы үзілісті пайдаланып, спортшы маусымның екінші бөлігіне дайындығын жалғастырады. Сонымен қатар Самоделкина 26 желтоқсанда Алматыда өтетін «Алиса в Стране чудес на льду» мұздық шоуында өнер көрсетуі жоспарланған. Қазақстандық спортшы басты рөлді сомдайды.


