Бөтен адамның сөмкесі немесе мерзімі өткен виза шетелде заңға қайшы әрекетке әкеп соқтыруы мүмкін. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі азаматтарды шетелге сапарға мұқият дайындалуға шақырып, бірнеше практикалық кеңес берді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
СІМ-нің мәліметінше, қазақстандықтар шетелде жергілікті заңдар мен ережелерді білмегендіктен жиі қиын жағдайға тап болады. Бұл — тұру мерзімін, визалық және көші-қон талаптарын, транзит ережелерін бұзу, сондай-ақ тыйым салынған немесе декларацияланбаған тауарларды өткізу әрекеттері.
Сапар алдында СІМ баратын елдің және транзиттік мемлекеттердің талаптарын зерделеуді ұсынады. Дипломаттар паспорттың, визаның, тұруға рұқсаттың және басқа да қажетті құжаттардың қолданылу мерзіміне ерекше назар аударуға кеңес береді.
Сондай-ақ қазақстандықтарға құжаттарын үшінші тұлғаларға бермеуге және ішіндегісі белгісіз бөтен сөмкелерді, сәлемдемелерді немесе басқа да жүктерді тасымалдауға келіспеуге кеңес беріледі. Адам багаждың ішінде не бар екенін білмесе де, бұл басқа елде оны ықтимал салдардан әрдайым босата бермейді.
СІМ медициналық сақтандыруды алдын ала рәсімдеуді және әуе билеттерін тек ресми сервистер арқылы сатып алуды ұсынады. Сондай-ақ әуекомпаниялардың багажға қоятын талаптарын және транзит ережелерін сақтау қажет.
Шетелге жұмысқа, оқуға немесе емделуге баратындарға барлық қажетті құжаттарды алдын ала тексеруге кеңес беріледі. Атап айтқанда, шақыртулардың, еңбек шарттарының, тұруға рұқсаттың және басқа да құжаттардың заңдылығына көз жеткізу керек.
Ведомство жаппай сапарларға ерекше назар аударуға шақырды: ұйымдастырушылармен келісімдерді мұқият тексеріп, күтпеген жағдайларға арналған іс-қимыл жоспарын алдын ала ойластыру қажет. Мысал ретінде СІМ АҚШ-тағы жақында болған жағдайды келтірді, онда 200-ге жуық қазақстандық студент баспанасыз қалған.
«Қазақстанның дипломатиялық және консулдық мекемелері азаматтарға өз құзыреті шегінде қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетеді. Сонымен қатар, баратын елдің заңнамасын сақтау және белгіленген талаптарды орындау үшін жауапкершілік тікелей азаматтың өзінде», — деді брифингте ҚР СІМ ресми өкілі Жанболат Усенов.
Бұған дейін «Курсив» 15 қыркүйекте Қытайда кіру және шығу ережелерінің жаңа нұсқасы күшіне енгенін жазған болатын. Виза рәсімдеу кезінде немесе шекаралық бақылауда жалған мәлімет берген шетелдіктерге ҚХР-ға бес жылға дейін кіруге тыйым салынуы мүмкін.


