Шымкентте бүректің қатерлі ісігін алғаш рет мұздату арқылы жойды: қалаға ТМД және Азия елдерінен келген хирургтер мен радиологтар онкологияны емдеудің озық әдістерін талқылауға жиналды. Халықаралық шеберлік сағатының басты оқиғасы — қалада тұңғыш рет жасалған криоабляция процедурасы, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Дәрігерлер өте төмен температураның көмегімен бүйрек ісігін сәтті жойды.

Шеберлік сағатына Санкт-Петербургтегі Н. Н. Петров атындағы ұлттық медициналық онкология зерттеу орталығының жетекші онкологтары, Улан-Батордағы Жапон-Моңғол университеттік клиникасының мамандары, Сеулден келген интервенциялық радиологтар, сондай-ақ Өзбекстан мен Қырғызстанның жетекші онкоорталықтарының хирургтері қатысты.

Сонымен қатар Франция мен Австралияның онкологтары шеберлік сағатына онлайн қосылды.

Процедураның өзіне келсек, онкологтардың айтуынша, бұл — ісік тінін төмен температураның әсерімен жоятын аз инвазивті әдіс. Одан бөлек, сегіз науқасқа заманауи аз инвазивті технологиялар қолданылып, ем жүргізілді.

Криоабляция қалай жасалады

Ота барысында зақымдалған аймаққа тесік немесе жіңішке катетер арқылы криозонд немесе криобаллон енгізіледі. Ол арқылы салқындатқыш зат, мысалы сұйық азот, беріледі. Содан кейін тіндегі температура -80 °С-тан төмен түсіп, патогенді жасушалар жойылады.

Мұздатылған жерде қорғаныш тыртық пайда болады, ол дұрыс емес импульстердің өтуін бөгейді немесе ісіктің өсуін тоқтатады.

Жалпы кездесу аясында шетелдік және жергілікті мамандар 15 күрделі аз инвазивті ота жасайды.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназароваға Алматыда робот-хирургтер онкологияны емдеуді қалай өзгертіп жатқаны туралы айтылған болатын.