Шымкентте тозығы жеткен және апатты үйлерден 600-ден астам отбасын көшіру жоспарланып отыр – мегаполистегі реновация бағдарламасын 2030 жылға дейін аяқтау көзделген. Алайда қала тұрғындарының бір бөлігінде сұрақтар туындап отыр, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Тозығы жеткен үйлерде тұрған отбасылар жаңа пәтерлердің кілтін алып жатыр. «Ескі пәтерім небәрі 24 шаршы метр еді, үй апатты болатын. Ал жаңасы – 41 шаршы метр. Маған бәрі қатты ұнайды. Егде жастағы адамдарға қолайлы жағдай жасалған», – деді қала тұрғыны Қаршыға Әлімова.
Қаңырап қалған алаңдар мен бұзу жұмыстары көршілес қалғандар үшін сынаққа айналды. Адамдар енді су, электр және газ үздіксіз берілмейтініне шағымданады. «Екінші жыл үйлерді бұзып жатыр, ал жеке сектор қалды. Бізге үйлеріміз үшін ақшалай өтемақы төлейміз деп уәде еткен, бірақ әзірге үн жоқ. Күтіп жүрміз. Осының салдарынан қазір судың сапасы нашарлады, жарық үнемі сөнеді, газ өшеді. Қыста не істейтінімізді білмеймін», – деп наразылық білдірді Шымкент тұрғыны Ильсия Шафигуллина.
Дегенмен жеке сектор мәселесі әзірге ашық күйінде қалып отыр. Көксай шағын ауданындағы жеке тұрғын үйлердің көптеген иесінің құжаттары толық рәсімделмегені анықталды.
«2030 жылға дейін қала бойынша 66 үй – 600 пәтер бойынша бағдарлама бекітілді. Барлық көпқабатты үйлердің техникалық жағдайына тексеру жүргізілді. Тексеруді арнайы аккредиттелген және аттестатталған ұйымдар жүргізді», – деді қалалық Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ердәулет Әжібаев.
Бағдарламаны жеке инвесторлардың есебінен іске асыру жоспарланып отыр. Үш компания қазірдің өзінде қызығушылық танытқан. Құрылыс басқармасында қосты: егер басқа да тозығы жеткен көпқабатты үйлердің тұрғындары реновацияға қосылғысы келсе, нысандар тізімі кеңейтілуі мүмкін.


