Швециядан оралған қазақстандық өз елінде лайықты табыс табу қиындығын айтты: Еуропада шамамен 1,5 млн теңге табыс тапқан ол Астанада ең көбі 340 мың теңге алады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Threads желісіндегі zhaknordman деген пайдаланушы Астанада жұмыс істеп, Қазақстандағы жалақының төмендігіне шағымданды. Оның айтуынша, бұрын Швецияда еңбек етіп, шамамен 1,5 млн теңге айлық алған.

«Шетелде 1-1,5 млн теңге алуға үйреніп қалғанмын. Қазақстанда 1,5 жыл болдым, бірақ ондай табысқа жақындай алмаймын. Ең көбі 340 мың теңге жалақы аламын. Қай мамандыққа қайта оқып, білім аларымды білмеймін», – деп жазды ол.

Ер адам деректерді талдаушы және жиһаз дизайнері лауазымдарын қарастырғанын, қазіргі уақытта сол салада жұмыс істеп жүргенін атап өтті.

«Ағылшынша сөйлеймін. Фриланске кету керек пе, әлде YouTube-пен шындап айналысу керек пе? Жақсы табыс керек, әрі шетелге де алып кетуге болатын жақсы кәсіп болғаны жөн. Видео түсіруді де ойладым, бірақ ол көп ақшаны текке жұмсау сияқты», – деді ол.

Бұған дейін ол 34 жаста екенін, Еуропада қонақүйде аспаз болып жұмыс істегенін және құрылыста демонтажбен айналысқанын жазған. Бір жарым жыл бұрын ол Швециядан Қазақстанға оралған, онда ағылшын тілін пайдаланған, бірақ республикада бұл тілді білу табысын арттыруға мүлде көмектеспейді. Қазақстанда ол мемлекеттік қызметте бухгалтер және экономист болып жұмыс істеген.

«Қазір өндірісте жұмыс істеймін. Қалаған жалақым 800 мыңнан бастап. Астанадағы шетелдік компанияларды айтып жіберіңіздер», – деп жазды ол.

Сонымен қатар, ол бұрын пайдаланушылардан АҚШ пен Канадаға қоныс аударудың мүмкін нұсқаларын сұраған.

Басқа пайдаланушылар оны қолдады. Мысалы, Германияда қолына 2 мың еуро алып жұмыс істеген біреуі Қазақстанға оралған соң айына 150-300 мың теңгеге жұмыс ұсыныстарын көріп, «шошып кеткенін» айтты. Ол табысын арттыру үшін репетиторлық пен басқа салаларды байқап көруге мәжбүр болды.

Тағы бір пайдаланушы АҚШ-та жүк көлігі жүргізушілеріне диспетчер болып орналасуды ұсынды, онда ағылшын тілін біле отырып, қазақстандық уақыт бойынша түнгі жұмыс үшін айына шамамен 1,5 мың доллар алуға болады. Тағы біреуі Қазақстанда шетелдік компанияда қашықтан жұмыс істеп, 1,5 млн теңге алатынын, бірақ жұмыстан шығудан және одан кейінгі лайықты жалақылы жұмыс іздеуден қорқатынын айтты.

Қазақстандағы орташа айлық жалақы 2026 жылдың екінші тоқсанының қорытындысы бойынша 486 388 теңге болды, деп хабарлады Ұлттық статистика бюросы. Бірінші тоқсанмен салыстырғанда ол 5,4%-ға, ал жылдық мәнде 8,4%-ға өсті.

Алайда инфляцияны ескергендегі нақты жалақы I тоқсанмен салыстырғанда 3%-ға өсті, бірақ 2025 жылдың II тоқсанына қарағанда 1,8%-ға төмендеді. Астанадағы орташа жалақы 647 920 теңге, Алматыда – 610 371 теңге, Шымкентте – 377 710 теңге болды.