«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватындағы орман өртін сөндіру жұмыстары тәулік бойы жалғасуда. Өрт сөндірушілер ашық жалынды жоюға қол жеткізді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Экология министрлігінің мәліметінше, 17 шілде сағат 7:00-дегі жағдай бойынша өртті сөндіруге 769 адам, 191 бірлік жерүсті техникасы және 8 тікұшақ жұмылдырылды.
«Барлық тартылған қызметтердің үйлесімді және жедел әрекеттерінің арқасында ашық жалын сөндірілді, қазіргі уақытта жекелеген тұтану ошақтарын жою жұмыстары жүргізілуде. Түн бойы жеке құрам өртті оқшаулау жұмыстарын жалғастырды», — деді министрлікте.
Өрт сөндіру басталғалы бері авиация 219 рет су төгіп, өрт ошағына 474 тонна су жеткізілді.
Қазіргі таңда орман өртін оқшаулау және толық жою жұмыстары жалғасуда. Экология министрлігінің мәліметінше, жағдай тұрақты бақылауда.
Бұған дейін Абай облысындағы резерват аумағында орман өрті болғаны хабарланған болатын. Оны сөндіруге жерүсті техникасы мен авиация жұмылдырылды. Өрт салдарынан «DosbolLike» лагерінен 190 бала және 20 қызметкер эвакуацияланды. Премьер-министр Олжас Бектенов оқиға орнына министрлерді шұғыл жіберді. Алдыңғы күні Экология министрлігі мен ТЖМ өрттің әуеден түсірілген фото және бейнежазбаларын көрсеткен еді.


