«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты аумағындағы табиғи өрт толық сөндірілгеннен кейін Экология және табиғи ресурстар министрлігі қызметтік тергеу жүргізеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұл туралы ТЖМ брифингінде Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орманды мемлекеттік бақылау, қорғау және күзету басқармасының бастығы Нияз Жолбарыс мәлімдеді. Оның айтуынша, ведомство өрт сөндіру жұмыстары аяқталғаннан кейін барлық мән-жайға баға береді.
«Өрт сөндірілгеннен кейін Экология министрлігі қызметтік тергеу жүргізеді. Қорытындысы бойынша нақты ақпаратты хабарлаймыз», – деді Жолбарыс.
Ал ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Ерлан Төрегелдиев өрт толық сөндірілгенге дейін өртті ерте анықтау жүйесінің жұмысы туралы қорытынды жасауға ерте екенін айтты. Оның айтуынша, егер жүйе жұмысында қандай да бір кемшіліктер немесе техникалық ақаулар болса, олар кейінгі тергеу барысында анықталады.
«Өртті ерте анықтау жүйесіне келсек – егер қандай да бір кемшіліктер, ақаулар болса, олар өрт толық сөндірілгеннен кейін анықталады», – деді Төрегелдиев.
Ол сондай-ақ орман массивінің ерекшеліктері жағдайды қиындатып отырғанын атап өтті. «Семей орманында» орман төсемінің қалың қабаты – жердің жоғарғы қабаты, құлаған қылқан, жапырақ, бұтақ және қабықтан тұратын, ұзақ уақыт шіріп жануға ықпал ететін қабат пайда болған. Сонымен қатар, аймақта найзағай белсенділігі жоғары болып отыр, бұл өрт қауіпінің әрі қарай даму қаупін тудырады.
ТЖМ қосымша: өрттің себептерін тергеу, өрт шарпыған алаңды есептеу және келтірілген залалды бағалау тек өрт толық сөндірілгеннен кейін жүргізілетінін хабарлады. Осы уақытқа дейін мамандар өртті сөндіруге және оның әрі қарай таралуына жол бермеуге күш салуда.


