Елена Рыбакинаның 2026 жылғы АҚШ ашық чемпионатындағы жеңісі оған рекордтық жүлде әкелді. Алайда тапқан соманың едәуір бөлігі АҚШ-тағы салыққа кетуі мүмкін. Әйелдер арасындағы жекелей сында жеңіске жеткен қазақстандық теннисші 5,5 млн доллар тапты — бұл былтырғы Арина Соболенко алған 5 млн доллардан көп, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
US Open-2026 турнирінің жалпы жүлде қоры 108 млн долларды құрады — Үлкен дулыға турнирлері тарихында алғаш рет 100 млн доллардан асты.
sports.yahoo.com сайтының жазуынша, рекордтық төлем спортшының қолында толық қалады дегенді білдірмейді: оның едәуір бөлігін АҚШ-тағы салық ретінде беруге тура келеді.
«US Open Нью-Йоркте өтетіндіктен, спортшының табысына АҚШ-тың федералдық салығы мен Нью-Йорк штатының салығы қолданылады. Келтірілген есепте жоғары табыстар үшін ең жоғары федералдық мөлшерлеме 37% және Нью-Йорк штатының мөлшерлемесі шамамен 9,65% пайдаланылған. Осы бағалау бойынша федералдық салық шамамен 2,03 млн долларды, ал штат салығы 530 мың доллардан астамды құрайды. Жалпы алғанда салық төлемдері шамамен 2,5 млн долларды құрауы мүмкін. Қазақстан да табыстарға салық салуды көздейді, алайда АҚШ-та төленген салықтар Қазақстандағы міндеттемелерді есептеу кезінде ескерілуі мүмкін, бұл қолданыстағы ережелер шегінде қосарланған салық салудан аулақ болуға мүмкіндік береді», — делінген хабарламада.
Осылайша, рекордтық 5,5 млн доллардан есептелген салықтарды төлегеннен кейін Рыбакинаның қолында шамамен 2,9 млн доллар қалуы мүмкін.
Сонымен қатар түпкілікті сома спортшының салықтық мәртебесіне және соңғы есепте ескерілуі мүмкін кәсіби шығыстарға байланысты өзгеруі ықтимал.
Бұған дейін Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакинаның 2026 жылғы АҚШ ашық чемпионатындағы өнері үшін қанша тапқаны белгілі болғанын хабарлаған болатынбыз.


