Интернеттің орыс тілді бөлігінде оқушылар арасындағы қауіпті әдет-ғұрып қызу талқылануда: жасөспірімдер психоактивті әсер алу үшін «Римантадин» вирусқа қарсы дәрісін жоғары дозада қабылдап, сезімдері туралы TikTok-қа видео салып жатыр. Кең талқылауға Mash Telegram-арнасының жарияланымы себеп болды. Онда кәмелетке толмағандар дәріханалардан рецептсіз сатылатын дәріні сатып алып, бірден көп таблетка ішіп, әлеуметтік желіде бөлісетіні айтылған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Бұл құбылыс жаңа емес: оқушылардың римантадин туралы видеолары TikTok-та бірнеше жылдан бері пайда болып жүр. Алайда бұқаралық ақпарат құралдары бұл мәселеге енді ғана назар аударды.
Римантадин — тұмауды емдеу және алдын алу үшін қолданылатын вирусқа қарсы дәрі. Ол ешқандай психоактивті әсер алу үшін жасалмаған. Оның үстіне, әдеттегі дозаны бірнеше есе асырып ішу улануға әкеп соғуы мүмкін.
Тіпті қалыпты қолданғанда да Римантадин жағымсыз реакциялар тудыруы ықтимал. Олардың қатарында жүрек айну, құсу, іштің ауыруы, ауыздың құрғауы, бас ауруы, бас айналу, ұйқысыздық, тітіркену, үрейлену және зейін қоюдың бұзылуы бар.
Доза асып кеткенде нұсқаулықта галлюцинациялар мен жүрек ырғағының бұзылуы, сондай-ақ дірілдеу мен құрысулар бөлек көрсетілген. Сондықтан галлюцинацияларды дәрінің қауіпсіз психоделикалық әсері ретінде қабылдауға болмайды. Бұл ағзаға улы әсер етудің белгісі болуы мүмкін.
Дәріні басқа заттармен бірге қолдануға болмайды. Римантадин нұсқаулығында орталық жүйке жүйесі тарапынан жағымсыз реакциялардың күшеюі мүмкіндігіне байланысты алкогольден аулақ болу керектігі ескертілген. Аталған жанама әсерлер байқалса немесе доза асып кеткеніне күдік туындаса, жедел жәрдем шақыру қажет.
Жасөспірімнің дәрі қабылдай бастауына TikTok-тың өзі кінәлі емес. Римантадин туралы видеоны көргеннен кейін әрбір оқушы барып, көргенін қайталай бермейді. Психоактивті заттарды қолданудың артында тереңірек себептер — эмоциялық және өмірлік қиындықтар жиі жатады. Сондықтан баламен әңгімені қорқытудан емес, сенімді қарым-қатынас пен үйдегі қауіпсіздік сезімін қалыптастырудан бастаған жөн.
Бұған дейін Kursiv Health психотерапевтпен бірге есірткі қолданатын жақын адаммен қалай сөйлесу керектігін және баланың психоактивті заттармен тәжірибе жасау қаупін азайту үшін ата-аналар не істей алатынын талдаған болатын. Бұл ұсыныстар қауіпті интернет-үрдістер жағдайында да пайдалы болуы мүмкін.


