Шығыс Қазақстан облысындағы Риддер маңында электр беру желілерін тарту жұмыстары сегіз жылға созылып кетті, деп хабарлайды infohub.kz сайты. Қорықтар мен демалыс базаларына апаратын бетон бағаналар мен электр коммуникациялары әлі күнге дейін токқа қосылмаған.

Сонымен қатар, тайгалы аймақта тұратын жергілікті тұрғындар 40 жылдан бері электр қуатын бензин генераторларымен алып келеді.

Мәлім болғандай, электр желісін салуға 2017 жылы-ақ бюджеттен 700 млн теңгеден астам қаражат бөлінген. Оның 400 млн теңгесі игерілген, алайда жоба аяқталмай қалған, ал мердігерге айыппұл төленген.

Кейіннен құрылыс бюрократиялық кедергілерге байланысты тоқтатылды. Электр беру желілері мемлекеттік орман қорының жерінен өткені, ал онда электр желілерін монтаждауға тыйым салынғаны анықталды. Дегенмен қазіргі таңда жер заңнамасының нормалары жеңілдетіліп, инженерлік желілерді монтаждау жекелеген жағдайларда рұқсат етілетін болды. Сондықтан жергілікті билік жобаны қайта жандандыруды көздеп отыр.

«Қазір заңнамаға өзгерістер енгізілді. 2017 жылы заң жүзінде қатаң тыйым салынған болса, бүгінде инфрақұрылымдық жобаларға – жолдар, байланыс, электр беру желілері – барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісім бойынша жүргізуге болады», – деді Риддер әкімінің орынбасары Қаныбек Төлеухан.