Қытайлық инвестор өз әйелінің қылмысын дәлелдеу үшін тоғыз жыл және көп қаражат жұмсады. Әйелі оны алдап, мүлкін иемденбек болған. Нәтижесінде, әйел АҚШ-та ұсталып, 65 жыл бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды infohub.kz.
South China Morning Post басылымының дерегінше, бұл оқиға 52 жастағы Ли Пин есімді инвестордың басынан өткен. Ол биржада ақша тауып, байлар қатарына қосылған соң, 2014 жылы банкте қызмет істейтін Чжан Шуданьмен танысқан.
Әйел Лиге өзінің қиын балалық шағы туралы және білімді өз күшімен алғаны жайлы айтып, оның сеніміне кірген. Көп ұзамай инвестор Чжан жұмыс істейтін банкке үлкен сома аударған, содан кейін олар үйленген. Ли әйеліне Шэньчжэнь қаласынан пәтер сатып алған.
Алайда үйлену тойынан кейін күмәнді оқиғалар басталды. Бір күні Лидің көлігінің тежегіші істен шығып, ол апатқа ұшыраудан аман қалған. Көп ұзамай оның жүкті әйелі кенеттен жоғалып, Лос-Анджелеске ұшып кеткен.
Кейін белгілі болғандай, әйел өзімен бірге ақша мен бірнеше пәтердің құжаттарын ала кеткен.
Тергеу барысында Чжан мен оның сыбайласы Лидің көлігінің тежегіш жүйесін әдейі бұзғаны анықталды. Олардың мақсаты еркекті өлтіріп, оның байлығын иемдену болған. Кейінірек оның көтеріп жүрген баласы Лиден емес екені де белгілі болды.
Осыдан кейін инвестор әйелін іздей бастады. Ол Қытай мен АҚШ-та жеке детективтер мен адвокаттарды жалдап, әйел туралы ақпарат берген кез келген адамға бір миллион доллар сыйақы ұсынды.
2020 жылы Қытай соты олардың некесін жарамсыз деп тауып, Лиге жылжымайтын мүлікті қайтарған. Ал 2024 жылы Чжан АҚШ аумағында ұсталған.
Американдық сот әйелді алаяқтық, адам саудасы және бала ұрлау сияқты бірнеше айыптар бойынша кінәлі деп тауып, оны 65 жыл бас бостандығынан айырған.
Еске сала кетейік, біз Қытайда екі жасында жоғалып кеткен қыздың 30 жылдан астам уақыттан кейін туған анасы мен әпкесімен қауышқаны туралы жазған болатынбыз. Толығырақ.


