Қазақстанда жер қойнауын пайдаланушылар үшін жаңа төлемді енгізу екі жылға кейінге қалдырылмақ: 2027 жылдан бастап енгізілуі жоспарланған қатты пайдалы қазбаларға роялти 2029 жылдың 1 қаңтарынан қолданылуы ұсынылды. Бұл туралы infohub.kz сайты хабарлайды.
Шешім Салық кодексін енгізу жөніндегі жобалық кеңсенің отырысында талқыланды. Отырысты Премьер-министрдің орынбасары — Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин төрағалық етті.
«Салық кодексінің жаңа нормалары минералдық шикізат пен қатты пайдалы қазбаларды, оның ішінде өңделгендерін өткізу кезінде 2027 жылдың 1 қаңтарынан бастап роялти төлеуді көздейді. Бұл ереже 2026 жылдың 31 желтоқсанынан кейін берілген лицензиялар бойынша, бұрын жер қойнауын пайдалану құқығы берілмеген аумақтарда өндірілген шикізатқа қолданылуы тиіс еді», — деп нақтылады үкіметте.
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі бірқатар мәселенің әлі де қосымша пысықтауды қажет ететінін айтады. Атап айтқанда, техногендік минералдық түзілімдер үшін салық базасын есептеу, роялтиді әкімшілендіру және мөлшерлемелерді айқындау туралы сөз болып отыр.
Сондай-ақ жаңа лицензиялардың ерекшеліктерін, жобалардың капитал сыйымдылығын және ілеспе компоненттерді өндірудің рентабельділігін ескеру қажет. Бұл мәселелерді әртүрлі салалар арасында келісіп, кәсіпорындардың қаржылық-экономикалық модельдерінде тексеру жоспарлануда.
Бұған дейін «Курсив» Қазақстан үкіметі геологиялық зерттеулер мен перспективалы пайдалы қазбалар кен орындарын іздеуге 40,7 млрд теңге бөлгенін жазған болатын. Жұмыстар 2026-2028 жылдарға арналған және алтын, мыс, литий, сирек кездесетін элементтер мен басқа да стратегиялық маңызды ресурстарды қамтиды.


