Алматы облысының таулы ауданында 37 жастағы полиция қызметкері Аслан Әлсеровтың өртенген денесі табылды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қаза тапқанның әйелі Арайлым Әлсерова күдікті ретінде ұсталса, оқиға орнында болған үш кәмелетке толмаған бала үй қамағына алынды. Бұл туралы kznews.kz сайты хабарлайды.
Ulysmedia басылымы жасөспірімдердің адвокаттарымен сөйлесіп, істің кейбір мән-жайын анықтады. Адвокат Ғалым Нұрпейісовтің айтуынша, оның қорғауындағы жасөспірім Аслан Әлсеровтың ұлының досы болған. Оқиға болған күні ол досының үйіне PlayStation ойнауға келген. Қорғаушы жасөспірімге психологиялық сараптама тағайындалғанын, қазір онымен маман жұмыс істеп жатқанын айтты.
"Сараптама тағайындадық. Қазір онымен психолог маман жұмыс істеп жатыр. Қорытындысын алған кезде белгілі болады. Өйткені мына жерде тергеушілер кәмелетке толмаған балаларға қысым жасап, алдын ала келісім жасаған. Олар кәмелетке толмаған балалар. Ой жоқ. Олар білмейді, жоспарламайды. Ана жерде ерлі-зайыптылардың арасында жанжал болған. Балалар шокта болған. Қылмыстық кодексте бар нәрсе, «эксцесс соучастие» деген. Ол орысша айтқанда, "Не в то время, не в том месте" болған", – дейді Ғалым Нұрпейісов.


