Астана жағынан Петропавлға кіре берісте артық жүктелген ауыр жүк көліктерінің кезегі түзілді. Салмақ бақылауынан және жауапкершіліктен құтылу үшін жүргізушілер өз көліктерін жол жиегіне тастап, із-түзсіз кетті, деп infohub.kz сайты хабарлайды.
Солтүстік Қазақстан облысы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының хабарлауынша, бұл жағдай автомобиль жолдарын сақтау және қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз етуге бағытталған «Жол қауіпсіздігі» профилактикалық іс-шаралары кезінде орын алған.
Басқарма басшысы Ерден Шортыбаевтың айтуынша, артық жүктелген көліктердің жүргізушілері салмақ бақылауынан жалтаруға тырысып, өз көліктерін тастап кеткен.
«Аталған көліктердің жүргізушілері артық жүк салдарынан өлшеуден жалтару үшін көліктерін тастап кетті. Қазіргі таңда олар екі күн бойы жоқ. Барлық көлік құралдарының деректері анықталды», — деді Ерден Шортыбаев.
Бастапқыда 28 ауыр жүк көлігі туралы айтылған болатын, алайда кейін Солтүстік Қазақстан облысы полиция департаменті 32 көлік құралы екенін нақтылады.
Иелері екі күн бойы көліктерін алып кетпегендіктен, мәселені шешуге полиция қызметкерлері жұмылдырылды. Ведомствоның мәліметінше, 19 шілде сағат 14:30-дағы жағдай бойынша ахуал толық реттелген.
Профилактикалық әңгімелерден кейін барлық 32 ауыр жүк көлігі салмақ бақылау пунктіне барып, өлшеу рәсімінен өтіп, өз бағыттары бойынша жүріп кетті. Барлық жүргізушілерге қатысты уәкілетті мемлекеттік органдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шаралар қабылдады.
Басқарма артық жүктелген жүк көліктері әсіресе ыстық ауа райында жол төсеміне елеулі зиян келтіретінін еске салады. Олардың салмағынан жаңа асфальтта ойық пайда болады, бұл жолдардың қызмет ету мерзімін қысқартып, оларды жөндеу шығындарын арттырады.
Жүргізілген өлшеулер қорытындысы бойынша мамандар республикалық автомобиль жолына келтірілген материалдық залалды өтеу туралы талап-арызбен сотқа жүгінуді жоспарлап отыр.


