Павлодарда полиция қызметкерлері алаяқтық схемасын жолын кесіп, зейнеткерге 2 миллион теңгесін қайтарды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Павлодар облыстық полиция департаментінің мәліметінше, белгісіз адамдар өздерін мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, әйелге «банк шотына шабуыл жасалды» деп хабарлаған. Олар психологиялық әсер ету әдістерін қолданып, зейнеткерді 2 млн теңге беруге көндірген. Қоңырау шалғандар зейнеткерге «тегін» таксиге отырып, ақшасын алып, Геринг көшесіндегі үйге баруды тапсырған.
«Анықталғандай, таксиді аталған мекенжайға белгісіз ер адам шақыртқан. Зейнеткерге ақшаны тапсыру кезінде оған «Шуба» деген кодтық сөзді айту керектігі айтылған. Ол белгіленген жерге келгенде, қасына бір әйел келіп, зейнеткер оған 2 млн теңгені берген. Екеуінің де алаяқтық құрбаны болғанын түсінген зейнеткер полицияға хабарласқан», – деп мәлімдеді департаменттен.
Жедел уәкілдер Бекзат Мақажанов, Абдули Әлімбергенов және тергеуші Илья Бороданың кәсіби әрекеттерінің арқасында ақша толық көлемде заңды иесіне қайтарылды.
«Алаяқтар схемаларын үнемі жетілдіріп, адамды тез әрі ойланбастан әрекет етуге мәжбүрлеу үшін психологиялық қысым әдістерін қолданады. Әңгімелесу барысында сізді шұғыл түрде ақша беруге көндірсе, кодтық сөздерді айтса, болып жатқан жайтты туыстарыңызға айтуға тыйым салса, дереу сөйлесуді тоқтатыңыз. Бейтаныс адамдардың нұсқауларын орындамаңыз және бірден полицияға хабарлаңыз», – деп шақырды Павлодардың аға жедел уәкілі Бекзат Мақажанов.


