Павлодар облысының Успен ауданында қатты желден инфрақұрылым нысандары мен тұрғын үйлер зақымданды, деп хабарлайды infohub.kz.

Қоңырозек, Чистополь, Вознесенка және Надаровка ауылдарында (Қоңырозек ауылдық округі) кернеуі 10 кВ электр желісінің жеті тірегі бүлінген. Аудандық электр желілері мамандары қалпына келтіру жұмыстарын жүргізуде. Аудандық әкімдіктің хабарлауынша, оған 10 адам мен үш техника жұмылдырылған.

Қоңырозек ауылында жел 12 жеке тұрғын үйдің және мәдениет үйінің шатырын жұлып кетті. Зақым көлемі нақтылануда.

Алдын ала мәліметтерге сәйкес, өлім мен зардап шеккендер жоқ. Оқиға орнында жергілікті атқарушы органдар мен ТЖД қызметкерлері – барлығы 27 адам мен бес техника жұмыс істеп жатыр.

Қоңырозек ауылында шамамен 650 адам тұрады, 190 үй бар. Жағдай бақылауда. Мамандар зардаптарды нақтылап, зақымдарды жоюды жалғастыруда.

«Қазгидромет» Павлодар тұрғындарына алдағы тәулікке дауылды ескерту жасады. 22 шілдеде түнде жаңбыр мен күн күркіреуі күтіледі. Күндіз жауын-шашын күшейіп, бұршақ пен екпінді жел болуы мүмкін. Батыстан соғатын желдің жылдамдығы 9–14 м/с, екпіні 15–20 м/с, кейде 23–28 м/с жетеді.