Павлодарда бұрын реновация жүргізілген Лермонтов көшесіндегі барлық көппәтерлі үйлердің қасбетін жаңартуға шешім қабылданды. Қалалық әкімдіктің айтуынша, бұл көшеге біртұтас сәулет келбетін беруге мүмкіндік береді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Лермонтов көшесіндегі реновация екі жылға созылды. Осы уақыт ішінде аумақ толығымен жаңартылып, заманауи көрікке ие болды: суару жүйесі, жаңа тротуарлар мен велосипед жолдары салынды, демалыс алаңдары, арт-нысандар мен шағын сәулет нысандары, балалар алаңдары және субұрқақ орнатылды.

Биыл Павлодар облысы әкімі Асаин Байхановтың тапсырмасымен көпқабатты үйлердің қасбеттерін жаңарту туралы шешім қабылданды. Лермонтов көшесінің бойында барлығы 20 үй орналасқан, олардың әрқайсысында бояудан бас тартып, заманауи қаптама материалдарын қолдануға көшті.

«Қаладағы барлық негізгі жолдарды ретке келтірдік. Аяқ басар жерде демалыс орындарын жасап жатырмыз. Енді Павлодардың сыртқы келбетімен, ең алдымен ескі тұрғын үй қорымен айналысу қажет. Біз қасбеттерді әдеттегідей бояудан біртіндеп бас тартып келеміз. Заманауи қаптама материалдары ұзаққа шыдайды және қаланың біртұтас сәулет келбетін қалыптастыруға мүмкіндік береді», — деді Павлодар облысының әкімі Асаин Байханов.

Көпқабатты үйлерді жаңарту Лермонтов көшесіне біртұтас сәулет келбетін беруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жұмыста формалды көзқарас қолданылмайды: қасбеттер тек орталық жағынан ғана емес, аулалар жағынан да қапталады.

«Мен ақпараттық технологиялар колледжінің студентімін. Лермонтов көшесі шынымен де әлдеқайда жақсарды, былтыр көше абаттандырылды, биыл қасбеттерді жаңарту басталды. Сабақтан кейін достарыммен серуендейміз. Барлық жағдай жасалған. Сәулет келбеті біздің мегаполистеріміз — Астана, Алматыдан кем емес», — дейді 3-курс студенті Даниял Шампатов.

«Осы көшеде бала күнімнен тұрамын. Оның жаңарып жатқанын көру жағымды. Қасбет қазір өте әдемі және ұқыпты көрінеді, бүкіл көшенің келбеті бірден өзгереді. Мұндай жұмыстардың жүргізілгені жақсы, қаланың басқа да көшелерінде қасбеттердің жаңартылғанын көргім келеді», — деді тағы бір павлодарлық Олжас Айтбаев.

Айта кету керек, мердігер жұмысты айтарлықтай жылдам мерзімде жүргізуде. Монтаж күрделі құрылыс-монтаж шешімдерін қажет етпейді, қыркүйек айының соңына дейін толық аяқтау жоспарлануда. Сонымен қатар, осындай тәсілді Павлодардың басқа да магистральдық көшелерінде қолдану жоспарланып отыр.