Біріккен Ұлттар Ұйымының Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесінің бас хатшысы Жасем Мұхаммед Әл-Будайви Ираннан аймаққа келтірілген залал үшін өтемақы төлеуді талап етті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Оның айтуынша, ұйым мүшелері өз қауіпсіздігіне, егемендігі мен аумақтық тұтастығына жасалған кез келген қол сұғушылықты жоққа шығарады. Ол өздері тап болып отырған шабуылдар халықаралық құқықтың өрескел бұзылуы және халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікке тікелей қауіп екенін атап өтті.

«2026 жылдың 28 ақпанынан бастап Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесіне мүше мемлекеттер Иран тарапынан шабуылға ұшырап келеді, оның барысында 7000-нан астам зымыран мен ұшқышсыз ұшу аппараты қолданылды. Бұл шабуылдардың нысанасына әуежайлар, теңіз порттары, энергетикалық инфрақұрылым нысандары, электр станциялары мен су тұщыту қондырғылары, сондай-ақ тұрғын аудандар мен азаматтық инфрақұрылым айналды. Соның салдарынан адамдар зардап шегіп, инфрақұрылымға елеулі залал келтірілді, сондай-ақ Парсы шығанағы акваториясындағы теңіз ортасына айтарлықтай зиян тиді», — деді спикер.

Ол Парсы шығанағы араб мемлекеттерінің ынтымақтастық кеңесі атынан бұл шабуылдарды тағы да айыптап, олардың салдары үшін толық жауапкершілікті Иранға жүктеді. Жасем Мұхаммед Әл-Будайви Иранға құқыққа қарсы әрекеттер салдарынан келтірілген залал, шығын мен жарақат үшін өтемақы төлеу талабын қойды.