Оралда апелляциялық сатыдағы сот талапкердің орыс тілін білмейтіні туралы жалған мәлімдемеден кейін іс жүргізу құқықтарын теріс пайдаланғаны үшін ақшалай өндіріп алу шарасын қолданды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметінің хабарлауынша, әкімшілік істер жөніндегі сот алқасы істі қарау барысында талапкердің өкіліне іс жүргізу құқықтарын теріс пайдаланғаны үшін ҚР Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 127-бабында көзделген іс жүргізу мәжбүрлеу шарасы – ақшалай өндіріп алуды қолданды.

Сот отырысында талапкердің жоқтығының себебін анықтау кезінде оның өкілі сенім білдірушінің сот ісін жүргізу тілі – орыс тілін меңгермегендіктен істі қарауға қатыспайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар әкімшілік талап қою тек дауланып отырған әкімшілік акт орыс тілінде шығарылғандықтан, сол тілде жазылғаны көрсетілді. Бұл мәліметтердің маңызы зор болды, себебі олар бірінші сатыдағы соттың сот ісін жүргізу тілі туралы заң талаптарын бұзғанын және қабылданған сот актісінің заңдылығына әсер етуі мүмкін еді.

Талапкер өкілінің дәлелдерін тексеру нәтижесінде бірінші сатыдағы сотта талапкердің төрағалық етуші судьяның сұрақтарын еркін түсініп, орыс тілінде жауап бергені, қарым-қатынаста қиналмағаны және сот ісін жүргізу тілін ауыстыру не аудармашы шақыру туралы өтінішхат бермегені анықталды.

Сот алқасы отырысты жалғастырып, бейнеконференцбайланыс арқылы талапкерді қосты. Отырыс барысында ол да орыс тілінде еркін сөйлеп, аудармашысыз соттың сұрақтарына жауап берді.

Сот алқасы талапкер өкілінің сотқа жалған мәлімет бергені, соның салдарынан сот апелляциялық шағымның дәлелдерін қарауға қатысы жоқ қосымша іс жүргізу әрекеттерін жасауға мәжбүр болып, сот талқылауының созылуына әкеп соқтырғаны деген қорытындыға келді.

ӘРПК-нің 28-бабы 2-бөлігіне сәйкес, әкімшілік процесте талапкер сотқа істің нақты мән-жайларын хабарлауға және толық шынайы айтуға міндетті. Бұл міндет талапкердің өкіліне де қатысты, ол өзіне берілген іс жүргізу құқықтарын адал пайдалануға тиіс.

Анықталған мән-жайларды ескере отырып, сот алқасы өкілдің іс-әрекетін іс жүргізу құқықтарын теріс пайдалану деп танып, 10 АЕК (43 250 теңге) мөлшерінде ақшалай өндіріп алу шарасын қолданды.

«Ақшалай өндіріп алуды қолдану процеске қатысушылардың адал мінез-құлқын қамтамасыз етуге, іс жүргізу құқықтарын теріс пайдаланудың алдын алуға, сот ісін жүргізудің орынды мерзімдерін сақтауға және сот пен заңға құрметті көзқарасты нығайтуға бағытталған», — деп атап өтті Батыс Қазақстан облыстық сотының баспасөз қызметі.

Соттың қаулысы заңды күшіне енді.