Зейнеткер жастағы қазақстандықтар несиені қашықтан рәсімдей алмайды. Жаңа ережелер 21 жасқа толмаған азаматтарға да қатысты, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменовтің айтуынша, енді несие алу үшін егде жастағы қарыз алушылар банк бөлімшесіне жеке барып, құжат тапсыруы керек. Бұл шара телефон және интернет алаяқтарына қарсы күресуге бағытталған. Олар адамдарға қысым көрсетіп, несие рәсімдетуге мәжбүрлейді.
Банк қызметкерлері жағдайды мұқият бағалауға міндетті. Егер адам үшінші тұлғалардың нұсқауымен әрекет етіп жатса, психологиялық қысымда болса немесе несиенің мақсатын түсіндіре алмаса, қаржы ұйымы несие беруден бас тартуы тиіс.
"Банк несие бермеуге міндетті, бұл 'бере алады' немесе 'бере алмайды' деген мәселе емес", — деп атап өтті Тимур Сүлейменов.


