Нигерияның есірткіге қарсы күрес жөніндегі ұлттық агенттігі (NDLEA) 28 жастағы американдық баскетболшы Грин Да'монте Хириді Лагостың бас әуежайында 33,95 келі (75 фунт) марихуананы елге заңсыз әкелмек болды деген айыппен ұстағанын хабарлады, деп жазады infohub.kz сайты.
Агенттіктің мәліметінше, Джорджия штатынан келген спортшы Таиландтан Біріккен Араб Әмірліктері арқылы ұшып, өткен сәрсенбіде Лагостың бас әуежайына қонған.
Тергеу барысында баскетболшы агенттік қызметкерлеріне Нигерияға баскетбол мансабы үшін «байланыс орнату» мақсатымен келгенін айтқан. Алайда оның телефонындағы дәлелдер есірткі тасымалдау қызметіне қатысы барын және одан хабары бар екенін көрсеткен.
NDLEA екі тіркелген жүгін тастап кетіп, қол жүгімен әуежайдан шығуға әрекеттенген кезде оны ұстағанын мәлімдеді. Сол екі сөмкеден марихуананың 32 бумасы мен бақылау құрылғысы табылған.
Нигерияда есірткіге қатысты қатаң заңдар қолданылады, есірткі тасымалдағаны үшін өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
Таиландтың премьер-лигасындағы «Паттани Рапторс» клубының құрамында Да'монте Грин есімді баскетболшы тіркелген. Джорджия штатының тумасы Грин колледжде Рейнхардт университеті мен Оңтүстік Джорджия техникалық колледжінің командасында ойнаған. АҚШ-та жартылай кәсіби баскетболмен айналысқан ол кейін Таиландта бірнеше команданың намысын қорғаған.
Бұған дейін АҚШ-тың әйелдер ұлттық баскетбол қауымдастығының (WNBA) жұлдызы Бриттни Грайнер мен Юта штатының бұрынғы ойыншысы Джарред Шоу марихуанаға қатысты істер бойынша тиісінше Ресейде және Индонезияда бас бостандығынан айырылған. Грайнер 2022 жылдың желтоқсанында босатылса, Шоу әлі де түрмеде отыр.


