Жиырма төртінші қыркүйекте Маңғыстау облысында, Ақтаудан 43 шақырым жерде, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштері оқу-жаттығу өткізіп жатқанда қайғылы оқиға болды: Каспий теңізіне 19 әскери қызметшіні ағызып әкетті. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігіне сілтеме жасап, infohub.kz сайты хабарлады.

Қорғаныс ведомствосының түсіндіруінше, әскерилер Каспий теңізінің жағалауында оқу-жауынгерлік тапсырманы орындап жатқан. Сол кезде ауа райы күрт нашарлап, жел күшейгеннен кейін оларды теңізге ағызып әкеткен.

Алдын ала деректерге қарағанда, теңізде 19 әскери қызметші болған. Қазіргі таңда олардың тоғызының қаза тапқаны тіркелді.

Үш әскери құтқарылды, олардың біреуі ауруханаға жатқызылды. Қалғандарын іздеу жалғасуда. Оқиға орнына құтқару қызметтерінің күштері мен құралдары дереу жіберілді. Іздеу-құтқару операциясына Әскери-теңіз күштерінің, Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, авиация және басқа да тиісті қызметтер жұмылдырылды.

Оқиғаның барлық мән-жайын анықтау және іздеу-құтқару жұмыстарын үйлестіру үшін оқиға орнына Қорғаныс министрі, авиация генерал-лейтенанты Дәурен Қосанов бастаған Қорғаныс министрлігінің комиссиясы шұғыл аттанды.

Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстарына қайғыра көңіл айтты. Қаза тапқандардың отбасыларына қажетті көмек пен қолдау көрсетіледі.

Іздеу операциясының барысы мен әскери қызметшілердің жағдайы туралы қосымша ақпарат деректер келіп түскен және расталған сайын беріліп отырады.

Қорғаныс министрлігі тек қорғаныс ведомствосы мен басқа да мемлекеттік органдардың ресми ақпаратына сүйенуге шақырды.