Париждегі Лувр мұражайы өз экспонаттарының бір бөлігін Қазақстандағы көрмеге әкелуі мүмкін. Бұл мүмкіндікті Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Арман Қырықбаев Парижде француз мұражайының президенті Кристоф Лерибо мен талқылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Кездесу Франциядағы Қазақстан мәдениеті күндері аясында өтті. Сапар барысында қазақстандық ведомство басшысы Францияның Мәдениет министрі Катрин Пегармен де келіссөздер жүргізді. Тараптар театр, мұражай және архив ісі салаларында ынтымақтастықты кеңейтуге келісті. Атап айтқанда, елдер шығармашылық ұжымдардың өзара гастрольдерін ұйымдастыруды, сондай-ақ мамандар үшін оқыту, тағылымдамалар мен шеберлік сабақтарын өткізуді жоспарлап отыр.
Париждегі мәдени күндер бағдарламасы Қазақстан киносының күндері мен Бранли жағалауындағы мұражайда – Жак Ширак мұражайында өткен «Қазақстан – Франция: мәдени диалогтан бірлескен жобаларға» дөңгелек үстелін қамтыды.
Басты оқиға Париждегі «Мариньи» театрында өткен қазақстандық әртістердің гала-концерті болды. Кешті аша отырып, Арман Қырықбаев іс-шараның дипломатиялық маңыздылығын атап өтті:
«Бүгінде Қазақстан мен Франция арасындағы қарым-қатынас нығайтылған стратегиялық серіктестік рухында қарқынды дамып келеді. 2024 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Францияға мемлекеттік сапары және 2023 жылы Франция Президенті Эмманюэль Макронның Қазақстанға сапары екіжақты ынтымақтастыққа жаңа серпін берді. Бүгінгі гала-концерт халықтарымыз арасындағы достықты нығайту жолындағы тағы бір маңызды қадам болады деп сенемін».
Театр сахнасында француз көрермендеріне дәстүрлі қазақ әндері, күйлері және заманауи туындылар ұсынылды. Концертке Алишер Каримов, Зарина Алтынбаева, Ернар Садырбай (Amre), Эльдар Сапараев, Расул Жармагамбетов, Фархат Кубиев, Назым Сағынтай, «Астана Балет» театры, HasSak этнофольклорлық ансамблі және Mezzo тобы қатысты. Музыкалық сүйемелдеуді Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық халық аспаптар оркестрі қамтамасыз етті.
Бұған дейін «Курсив» Луврдыңшулы тонаудан кейін Аполлон галереясын қалай ашқанын жазған болатын.


