Lionsgate компаниясы «Аштық ойындары» әлеміне арналған, жас Хеймитч Эбернети туралы жаңа фильмнің трейлерін ұсынды. Картина кинотеатрларда және IMAX форматында 20 қарашада шығады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Бұл — атақты франшизаның екінші приквелі. Фильм Сьюзен Коллинздің кітабы бойынша түсіріліп, Китнисс Эвердин тарихынан 24 жыл бұрын болған оқиғаларды баяндайды.

Сюжеттің орталығында — Хеймитч Эбернетидің жастық шағы. Кейін ол Китнисстің тәлімгері болады, алайда жастығында өзі аренада аман қалуға мәжбүр болды. Бұл жолы 50-ші Аштық ойындары — мерейтойлық турнир өтеді. Аренаға 24 емес, бірден 48 жасөспірім жіберіледі — әр дистрикттен төрт адамнан.

Он алты жасар Хеймитч жай ғана аман қалуға емес, қатыгез Капитолий мен президент Сноуға ішінен қарсы тұруға тырысады. Дәл оның әрекеттері Панемдегі болашақ көтерілісті бастайды.

Басты рөлді Джозеф Зада («Эдемнен шығысқа қарай») сомдады. Сондай-ақ фильмде Рэйф Файнс («Одиссейдің оралуы», «Шиндлер тізімі», «Конклав»), Джесси Племонс («Махаббат пен өлім», «Барлық жамандыққа қарсы»), Гленн Клоуз («101 далматинец»), Эль Фаннинг («Жыртқыш: Өлім планетасы», «Ұлы», «Маргоның ақшамен проблемасы бар»), Маккенна Грейс («Құбыжық аулаушылар: Мұрагерлер», «Шелдонның балалық шағы») және басқа да жұлдыздар ойнады. Режиссер қайтадан Фрэнсис Лоуренс болды.

Бұған дейін Kursiv LifeStyle американдық актер Джош Хатчерсон «Аштық ойындары» фильміндегі рөлімен танымал болып, Тейлор Свифт жанкүйерлері тарапынан хейт толқынына ұшырағанын жазған. Оның айтуынша, бәрі ол әншінің концертіне анасымен бірге барғаннан кейін, журналистермен әңгімеде әртіске құрметпен қарайтынын, бірақ оның жанкүйері емес екенін айтқаннан кейін басталған.