Қырғызстан Министрлер Кабинеті бензин мен дизель отынын елден шығаруға мерзімсіз тыйым салды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Көршілес республика билігі мұнай мен мұнай өнімдерін шығару ережелерін өзгертті. Енді экспорттық шектеу нақты күнге дейін емес, мерзімсіз әрекет етеді. Ол ішкі нарықты толық отынмен қамтамасыз еткенше немесе Еуразиялық экономикалық одақтың бірыңғай отын нарығы іске қосылғанша жалғасады. Тыйым бензин мен дизель отынын автомобиль және теміржол көлігімен шығаруға қатысты.
Мазут, нафта және пеш отынын тек Үкіметтің жеке шешімі бойынша шығаруға болады. Бұл өнімдер шетелде өңделіп, дайын өнім Қырғызстанға қайтарылуы керек. Шектеу автомобиль багындағы отынға қолданылмайды.
Қырғызстан Ресейден бензин жеткізілімі тоқтап, отын дағдарысына тап болды. Ресей Қырғызстанға жанар-жағар май импортының 90 пайызына дейін қамтамасыз ететін. Мәскеу украиндық ұшқышсыз ұшақтардың мұнай өңдеу зауыттарына бірқатар шабуылынан кейін отын шығаруды шектеді. Маусым айының соңында Қырғызстанның жанармай құю бекеттерінде бензин тапшылығы байқалды.
Қырғызстан басқа мемлекеттерден, соның ішінде Қазақстаннан көмек сұрады. Ресми Астана екіұшты жауап берді, бірақ Бішкек Қытай мен Беларусьтен отын жеткізуге келісім жасай алды. Қазақстан-Қырғызстан шекарасында Қазақстаннан заңсыз бензин шығаруға байланысты шиеленіс те туындады.
Өткен аптада Қырғызстан отын дағдарысына байланысты АИ-95 бензиніне мемлекеттік баға реттеуді жойды.


