Қостанайда балалардың суреттері жарияланатын Telegram-каналға қатысты жанжал өршіп тұр: оқушылардың ата-аналары полицияға жүгініп, қорлық пен посттарды өшіру үшін ақша талап етілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«31 арна» хабарлағандай, оқушы қыздың анасы Дана Пеньковских қызының суретін «Позор Костанай» Telegram-паблигінен көріп, шошып кеткен. Жарияланым туралы әйелге қыздың өзі айтқан.
Дананың айтуынша, бұл қаладағы алғашқы оқиға емес. Қорлыққа тап болған балалардың ата-аналары полицияға жүгінуге бел буды.
«Біздің қалада бұл бірінші жағдай емес, бұған дейін де осындай топтар болған, олар бұғатталады, бірақ чат әкімшілерін іздемейді. Оларды тауып, жазалағанын қалаймыз, бұл әзіл емес, балалардың жағдайы нашар! Видео жарияланғаннан кейін бүкіл Қазақстан бойынша әйелдерден жүздеген хабарлама келіп жатыр», — дейді оқушы қыздың анасы Дана Пеньковских.
Оның айтуынша, паблик әкімшілері бұл жарияланымдарды өшіру үшін 10 мың теңге сұраған — олар ересектерді осы чатқа қосу үшін де сонша ақша талап еткен.
Полиция бұл дерек бойынша тексеру жүргізіліп жатқанын хабарлады.
«Қызметкерлер болған оқиғаның барлық мән-жайын анықтап, қажетті материалдарды жинап, тіркеп жатыр, сондай-ақ аталған материалдарды орналастыруға қатысы бар адамдарды анықтауда. Осыдан кейін олардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», — деп атап өтті Қостанай қаласы полиция басқармасының қоғамдық қауіпсіздік бөлімінің бастығы Қайрат Дәуренбеков.
Сарапшылар мұндай паблик әкімшілерін табу қиын, бірақ ниет болса, мүмкін екенін айтады. Бәлкім, қылмыскерлер ел аумағында тіпті жоқ шығар, шетелден әрекет етіп жатқан болуы мүмкін.
«Ашық код бар, онда әркім бірдеңе жасай алады, боттар ойлап табады және т.б. Жалпы бұл керемет, бірақ түсіну керек: керемет жерде — қауіпсіз емес. Балалармен сауатты әңгіме жүргізілмейінше, бұдан құтылмаймыз», — дейді CYBERBALA жобасының авторы Абылай Исин.
Алайда ата-аналар бірнеше ұйымдастырушыны тауып, көпшілік алдында жазаласа, мұндай топтар азаяды деп есептейді. Сонымен қатар, картаға ақша жіберу арқылы олар цифрлық із қалдырады, сол арқылы болмаса да делдалдарға жетуге болады.


