Көкшетауда қалалық сот әкімшілігінің 27 жастағы басшысының қаза табуына қатысты сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұл туралы Ақмола облысы полиция департаменті хабарлады, деп жазады infohub.kz.
Қайғылы оқиға туралы ақпарат Threads әлеуметтік желісінде пайда болды. Оқиғаның мән-жайы ресми түрде жарияланбай отыр. Жарияланымда қаза тапқан сот қызметкері адал, лайықты әрі жауапты адам болғаны атап өтілген.
«Ол жеңіл жол іздемеді — еңбегімен, білімімен және кәсібіне деген адалдығымен біртіндеп кәсіби өсуге қол жеткізді. Оның артында республикалық деңгейдегі көптеген кәсіби жетістіктері бар», — делінген хабарламада.
Жақындарының айтуынша, ер адамның үлкен жоспарлары мен мақсаттары болған: ол судья болуды және заңға қызмет етуді жалғастыруды көздеген. Алайда отбасының мәліметінше, оған үнемі моральдық және психологиялық қысым көрсетіліп келген.
«Оған өз міндеттерін тыныш орындауға мүмкіндік берілмеді, отбасының пікірінше, оған әділетсіз тәртіптік жаза қолданылды. Сонымен қатар, ол қызметтік пәтерде небәрі бірнеше ай тұрды, содан кейін оны мәжбүрлеп көшіру мәселесі туындады», — деп жазылған әлеуметтік желіде.
Туыстары жан-жақты тергеу жүргізіп, қайғылы оқиғаның барлық мән-жайын анықтауды талап етті. Қаза тапқан адамның артында декреттік демалыстағы жас әйелі, 1 және 3 жастағы екі кішкентай баласы, сондай-ақ ата-анасы, апа-қарындастары мен аға-інісі қалды.
Ақмола облысы полиция департаменті бұл факті бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатқанын растады. «Қазіргі таңда қажетті тергеу әрекеттері жүргізіліп, болған оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тергеу мүддесі үшін өзге ақпарат жария етілмейді», — деп түсіндірді ведомствода.


