«КазГеоруд» компаниясы Ақтөбе облысындағы Лиманное кенішіндегі мыс-мырыш кенін өндіру жоспарын қайта қарады: алдағы жеті жылда 6,27 млн тонна кен өндіру жоспарланып отыр. Бұл бұрынғы жоспармен салыстырғанда шамамен 400 мың тоннаға аз, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
«КазГеоруд» жоспарланып отырған қызметі туралы мәлімдемесінде 2026 жылдан бастап кен өндіру көлемін жыл сайын қысқартатынын көрсетті. 2026 жылы өндіріс 1,06 млн тоннаны, 2027 жылы — 996,91 мың тоннаны, 2028 жылы — 1,08 млн тоннаны құрайды. Одан кейін көлем 918,25 мың тоннаға дейін төмендейді. Жалпы жеті жылда 6,27 млн тонна кен өндіру жоспарлануда.
Бұған дейін компания 2025–2031 жылдары 6,77 млн тонна кен өндіруді жоспарлаған. «КазГеоруд» жоспарды қайта қарауды 2025 жылы өндіріс көлемінің орындалмауымен түсіндірді, алайда осы кезеңде нақты қанша кен өндірілгені нақтыланбады.
Сондай-ақ компания жерасты кен өндіруді бастау жоспарын мәлімдеген. Жерасты кенішінің жобалық қуаты жылына 1,5 млн тонна кен болуы тиіс еді. Жерасты игерудің бірінші кезеңі 2027–2033 жылдары жүргізіліп, жерасты тәсілімен өндіру 2033 жылы басталуы жоспарланған. Жерасты өндіру үшін 23,64 млн тонна кеннің геологиялық қоры қарастырылды.
Лиманное кеніші 1976 жылы ашылған. Ол Ор өзенінен шамамен 500 м және Копа ауылынан 27 км жерде орналасқан. Қазіргі карьер 243 га алып жатыр.
Кеніште сегіз кен денесі анықталған, қордың 80%-дан астамы екі ірі учаскеге тиесілі. Кен денелері 70 м-ден тереңде жатыр, сондықтан компания жерасты өндіруді дамытуды жоспарлап отыр.
Ашылған деректерге сәйкес, кеніш қорында мыс, мырыш, сондай-ақ алтын мен күміс бар. Жобалау үшін бекітілген қорда C1 және C2 санаттары бойынша 429 мың тоннадан астам мыс және 541 мың тоннадан астам мырыш ескерілген. Алтын қоры шамамен 12 тоннаға бағаланады.
Кенішті игерудің бастапқы жоспарына сәйкес, карьерде өндіруді жылына 240 мың тоннадан 1,23 млн тоннаға дейін кезең-кезеңімен ұлғайту жоспарланған.
Adata деректері бойынша, «КазГеоруд» Kazakh Mining Company Limited (құрылтайшылары белгісіз) және кипрлік Stonebridge Ventures (Cyprus) Limited компанияларына тиесілі. Бұған дейін иелері Ақтөбе мыс компаниясы (АМК) арқылы санкцияға ұшыраған, ресейлік кәсіпкер Игорь Алтушкинмен байланысты Русская медная компания (РМК) болған.
Бұған дейін «Тарутинское» компаниясы Қостанай облысы мен Ресей шекарасындағы Восточно-Тарутинское мыс кенішін игеруді бастауды жоспарлап отырғаны хабарланған.


