Қазақстан президентіне деген сенім деңгейі 86,9%-ға жетті, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Әлеуметтанушылардың дерегінше, сауалнамаға қатысқандардың 84,1%-ы Қазақстандағы қоғамдық-саяси жағдайды тұрақты немесе қолайлы деп бағалаған. Бірінші тоқсанда бұл көрсеткіш 70,4% болған екен.
Зерттеу нәтижесінде респонденттердің 85,8%-ы өз өміріне қанағаттанғанын, ал 50,5%-ының соңғы бір жылда материалдық жағдайы жақсарғанын көрсетті. 18-28 жас аралығындағы жастардың 87,1%-ы елдегі ахуалды тұрақты деп санаса, 65,6%-ы алдағы бір жылда өмірінің жақсаратынына үміттенеді.
ҚИОЗ-дың жеке зерттеуі саяси басымдықтарға арналған. Респонденттердің 75,1%-ы Құрылтай сайлауына қатысуға дайын екенін білдірген. Оның ішінде 37,6%-ы сайлау учаскесіне сөзсіз баратынын, тағы 37,5%-ы дауыс беруге бейім екенін айтқан.
ҚИОЗ мамандары бірінші тоқсанда 2400 адам, екінші тоқсанда 1200 адам сұралғанын атап өтті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, нәтижелер Құрылтай сайлауы қарсаңында мемлекеттік институттарға деген сенімнің жоғары екенін көрсетеді.
Бұдан бұрын Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Шавкат Өтемісов 23 тамызға жоспарланған парламенттік сайлауға қатысатын саяси партиялар үшін сайлау жарнасының мөлшерін айтқан болатын.


