Қазақстан өз позициясын Forbes-2026 жаһандық миллиардерлер рейтингінде нығайтты. Планетадағы ең бай адамдар тізіміне алғаш рет қазақстандық екі кәсіпкер – Нұрлан Смағұлов пен Айдын Рахимбаев енді, деп хабарлайды infohub.kz.
Екі бизнесмен де $1 млрд межесінен асты. Бұл – Forbes жаһандық рейтингіне ену үшін міндетті шарт. Биыл тізімге әлемнің 3400-ден астам миллиардері қосылды.
Astana Group холдингінің негізін қалаушы әрі президенті Нұрлан Смағұлов жаһандық рейтингке алғаш рет енді. Forbes оның байлығын $1,3 млрд деп бағалап, 2858-орынға қойды. Кәсіпкер бизнесін 1992 жылы Astana Motors автосалонын ашудан бастаған. Қазір компания оннан астам автомобиль брендінің ресми дилері және дистрибьюторы, сонымен қатар жеңіл және коммерциялық көліктер өндіреді. Автомобиль бизнесінен бөлек, Смағұлов коммерциялық жылжымайтын мүлікке белсенді инвестиция салады: 2006 жылы Қазақстандағы алғашқы заманауи сауда-ойын сауық орталықтарының бірі – MEGA-ны ашқан. 2025 жылы бизнесмен тағы бір ауқымды жобаны жүзеге асырып, Алматы өнер мұражайын ашты. Бұл – елдегі заманауи өнердің алғашқы жеке мұражайы. Оны құруға салынған инвестиция $120 млн-нан асты.
Рейтингтің тағы бір жаңа қатысушысы – BI Group серіктесі әрі негізгі акционері Айдын Рахимбаев. Forbes оның байлығын $1,1 млрд деп бағалап, 3185-орынға қойды. BI Group 1980-жылдардың аяғында құрылып, уақыт өте Қазақстанның ең ірі құрылыс және девелоперлік компаниясына айналды. Бүгінде холдинг тек ел ішінде ғана емес, Өзбекстан, АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері және Әзірбайжанда да жобаларды жүзеге асырады. Бизнестен бөлек, Рахимбаев IQanat білім беру жобасының негізін қалаушылардың бірі. Бұл жобаның қызметі Гарвард бизнес мектебінің зерттеу нысанына айналған.
Жаңа миллиардерлердің пайда болуына қарамастан, Kaspi.kz директорлар кеңесінің төрағасы Вячеслав Ким еліміздің ең бай бизнесмені болып қалады. Forbes дерегінше, оның байлығы $7,8 млрд-қа жетіп, әлемдік рейтингте 477-орын алған. Салыстыру үшін, бір жыл бұрын оның капиталы шамамен $7,1 млрд болған. Қазақстандық кәсіпкерлер арасында екінші орында – Владимир Ким. Оның байлығы $5,9 млрд-қа артып, 712-орынға көтерілген. Кейінгі орындарда Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаева. Олардың әрқайсысының байлығы $5,4 млрд шамасында және рейтингте 780-орында тұр. Болат Өтемұратов өткен жылдағы $3,7 млрд-тан $5,4 млрд-қа дейін активтерін ұлғайтқан. Freedom Holding негізін қалаушы Тимур Тұрловтың капиталында аздаған төмендеу байқалды: $5,8 млрд-тан $5,2 млрд-қа – ол 823-орынды иеленді. Тізімге сондай-ақ Вячеслав Кимнің іскер серіктесі Михаил Ломтадзе $6 млрд байлығымен енген, алайда Forbes оны Грузия кәсіпкері ретінде қарастырады.
Әлемдік Forbes рейтингінің көшбасшысы қайтадан Илон Маск болды. Басылымның бағалауынша, оның байлығы екі еседен астам өсіп, $839 млрд-қа жеткен. Планетадағы ең бай бес адамның қатарына сондай-ақ Ларри Пейдж ($257 млрд), Сергей Брин ($237 млрд), Джефф Безос ($224 млрд) және Марк Цукерберг ($222 млрд) енген.


