Қазақстан әйелдер баскетбол құрамасы Азия ойындары-2026-да алғашқы жеңісіне қол жеткізді. Драмалық соңында Гонконг командасын овертаймда 80:77 (12:10, 17:19, 11:14, 28:25, 12:9) есебімен тізе бүктірді. В тобында үшінші орынға тұрақтаған қазақстандықтар плей-оффқа шығу мүмкіндігін сақтап қалды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жапондармен 23:88 есебімен ойсырай жеңілген матчтан кейін Борис Фаткулин шәкірттері бұл жолы әбден бәсекеге қабілетті көрінді. Ойын барысында көшбасшылық кезек-кезек қолдан қолға өтіп отырды.

Төртінші тоқсанда Гонконг 11 ұпайға алға кетті – негізгі уақыт бітуге төрт минут қалғанда 62:51. Алайда жапондардан жараланған қазақстандық қыздардың намысы оянып, олар керемет камбек жасады. Сирена таблоны тең есеппен тіркеді – 68:68.

Овертаймда қарсыластардың үздіксіз прессингіне қарсы дәрі тапқан қазақстандықтар алға шығып, жеңісті жұлып алды – 80:77. Бұл – ағымдағы Азиададағы алғашқы жеңіс. Біздің команда сапындағы ең нәтижелі ойыншы – 22 ұпай жинаған қорғаушы Анастасия Алишаускайте.

АЗИЯ ОЙЫНДАРЫ-2026. Баскетбол. Әйелдер. А тобы: Индонезия – Таиланд 61:52, Қытай – Таиланд 111:46, Қытай – Индонезия 110:41. Орны: 1. Қытай – 4, 2. Индонезия – 2, 3. Таиланд – 2.

В тобы: Филиппин – Қазақстан 88:55, Жапония – Гонконг 114:37, Филиппин – Гонконг 90:73, Жапония – Қазақстан 88:23, Қазақстан – Гонконг 80:77 ОТ. Орны: 1. Жапония – 4, 2. Филиппин – 4, 3. Қазақстан – 4, 4. Гонконг – 3.

С тобы: Оңтүстік Корея – Малайзия 106:40, Қытай Тайбэйі – Моңғолия 76:67, Оңтүстік Корея – Моңғолия 88:61, Қытай Тайбэйі – Малайзия 98:59. Орны: 1. Оңтүстік Корея – 4, 2. Қытай Тайбэйі – 4, 3. Моңғолия – 2, 4. Малайзия – 2.

Плей-оффқа үш топтың әрқайсысынан екі үздік команда, сондай-ақ үшінші орын алған үш құраманың екеуі шығады. Осылайша, үшінші сатыда тұрған қазақстандықтардың ширек финалға шығу мүмкіндігі әлі де бар. Біздің команданың турнирлік тағдыры топтық кезеңнің қорытынды матчтарының нәтижелеріне байланысты.

Азиада тарихында әйелдер баскетболынан алтынды тек үш ел – Қытай, Оңтүстік Корея және Жапония жеңіп алған. Қазақстан құрамасы төрт рет бесінші орынды иеленді (1994, 1998, 2014, 2018). Өткен Азия ойындарында қыздарымыз 12-орынға тұрақтаған, ал жеңімпаз қытайлықтар болды.

Ойындардың ресми ашылуы 19 қыркүйекте өтті. 45 елдің спортшылары қатысатын кешенді жарыстарда 460 медаль жиынтығы сарапқа салынады: 217 – ерлер арасында, 204 – әйелдер арасында және 39 – аралас разрядтарда. Азиада-2026-да Қазақстан құрамасы сапында 35 спорт түрінен 558 спортшы өнер көрсетеді.

Ойындардың бірінші күні қазақстандықтар төрт алтын медаль жеңіп алды. Ойындар чемпиондары атанғандар: велошабандоздар Рината Султанова мен Алексей Луценко, сондай-ақ каратэшілер Жоламан Бигабыл мен Софья Берульцева. Екінші күннен кейін Қазақстан бейресми командалық есепте төртінші орында тұр.