АҚШ-тың Юджин қаласында өтіп жатқан жеңіл атлетикадан жастар арасындағы әлем чемпионатының (U20) екінші күнінде қазақстандық спортшылар финалдық жарыстарға өте алмады, деп хабарлайды infohub.kz.

Кирилл Савченко 400 метрге кедергілермен жүгіруде алдын ала жарыста жетінші нәтиже көрсетіп, 53,88 секундпен мәреге жетті. Оның жеке рекорды – 52,54 секунд, алайда бұл да келесі кезеңге өтуге жетпейтін еді: кедергілермен жүгіруде келесі айналымға шығу үшін барбадостық Рашад Гибсонның уақыты – 51,74 секунд – бағдар болды.

Шығыс Қазақстан облысынан шыққан Софья Киденко 400 метр қашықтықта 56,29 секунд нәтижемен алтыншы болып мәреге жетті. Ал оның жеке рекорды – 54,75 секунд – бесінші орынға жеткізер еді, бірақ жарысты жалғастыру үшін 54,31 секундтан жылдам жүгіру қажет болды.

Глеб Гладилов үш қарғып секіруде үшінші әрекетінде 14,75 метр нәтиже көрсетті, ал финалға өту үшін 15,69 метрге секіру керек еді. Шымкенттік 19 жастағы спортшының жеке рекорды – 15,47 метр.

Алдыңғы күні сырықпен секіруші Анна Черкашина 4,10 метр биіктікті бағындырып, Қазақстан үшін рекорд жасап, финалға шықты. Алматылық спортшыны қоса алғанда, 13 спортшы 8 тамызда осы түрдегі жарыста бақ сынайды.

АҚШ-та өтіп жатқан жастар арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы нормативтерді орындаған алты ер және бес әйел спортшымен ұсынылған. Бұл – 2008 жылы Польшаның Быдгощ қаласында өткен жастар арасындағы әлем чемпионатынан кейінгі ең көп құрам (ол кезде 12 қатысушы болған). Екі жыл бұрын Перу астанасы Лимада бес спортшымыз болса, 2022 жылы Колумбияның Кали қаласында өткен әлем чемпионатында төртеуіміз болған еді.

Қазақстан 1994 жылдан бері жастар арасындағы жеңіл атлетикадан әлем чемпионаттарына жеке командамен қатысып келеді. Осы уақыт ішінде біздің спортшылар 16 турнирдің ешқайсысын қалдырмай, барлығына қатысты, алайда әлі бірде-бір рет жүлделі орынға көтерілген жоқ.