Қазақстан Үкіметі психикалық денсаулықты қорғау жүйесіндегі ауқымды реформаны жариялады. 2027–2030 жылдарға арналған жаңа кешенді жоспар салдарды емдеуден профилактикаға, ерте анықтауға және барлық кезеңдерде сүйемелдеуге көшуді көздейді, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Жобаны Үкіметте вице-премьер – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өткен кеңесте қарастырды.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова: «Бүгінде мамандандырылған көмекті екі республикалық клиника, 20 өңірлік психикалық денсаулық орталығы, 98 алғашқы медициналық көмек орталығы және ауылдық жерлердегі 200-ден астам психикалық денсаулық кабинеті көрсетеді. Жүргізілген талдау қызметті одан әрі дамыту қажеттігін көрсетті. Жаңа кешенді жоспар психикалық денсаулық мамандарын емханалар жұмысына интеграциялауды, ерте диагностиканы дамытуды, пациенттің маршрутын цифрландыруды, кадрлық әлеуетті нығайтуды және инфрақұрылымды жаңартуды көздейді. Балалар мен жасөспірімдерге ерекше назар аударылады», – деді.

Жоспарды әзірлеу аясында салалық ведомстволар ғылыми зерттеулерді дамыту, мамандар даярлауды жетілдіру, білім беру бағдарламаларын жаңарту, педагогтар мен психологтардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ мүгедектігі бар балалар мен ересектерге арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер мен инфрақұрылым жүйесін одан әрі дамыту бойынша ұсыныстар берді.

Министрліктер мен әкімдіктердің баяндамаларынан кейін 2027–2030 жылдарға арналған психикалық денсаулықты қорғаудың кешенді жоспары бекітілді.