Қазақстанда азаматтардың дербес деректерінің таралуы кезіндегі іс-қимыл тәртібін реттейтін жаңа ережелер бекітілді. Тиісті құжатқа Премьер-Министрдің орынбасары — жасанды интеллект және цифрлық даму министрі бұйрыққа қол қойды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Атап өтілгендей, республикада дербес деректер қауіпсіздігінің бұзылуы туралы хабарлау ережелері әзірленді. Құжатта алғаш рет «дербес деректер қауіпсіздігінің бұзылуы» деген ұғымның өзі бекітілді. Ол дербес деректердің заңсыз таралуына, өзгертілуіне, жойылуына немесе жойылып кетуіне, сондай-ақ оларға рұқсатсыз қол жеткізілуіне әкеп соққан қорғау бұзылысы ретінде түсіндіріледі.

Жаңа талаптарға сәйкес, мұндай бұзушылық анықталған кезде дерекқордың меншік иесі немесе операторы уәкілетті органды бір жұмыс күні ішінде хабардар етуге міндетті. Хабарламада дербес деректерді өңдеуді ұйымдастыруға жауапты тұлғаның байланыс деректері (бар болса), сондай-ақ бұзушылықты жою үшін қабылданған шаралар көрсетілуі тиіс.

Сонымен қатар, хабарламаға субъектілерге кейіннен хабарлама жіберу үшін қажетті дербес деректер қосылады: тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), және (немесе) жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН), және (немесе) ұялы байланыс абоненттік нөмірі.

Бұйрықта дербес деректер деп ненің есептелетіні де түсіндіріледі. Бұл — дербес деректер субъектісі туралы бір немесе бірнеше дербес деректер идентификаторымен толықтырылған мәліметтер немесе мәліметтер жиынтығы. Дербес деректері бар дерекқордың немесе цифрлық объектінің меншік иесі мемлекеттік орган, осындай дерекқорға немесе цифрлық объектіге иелік ететін, пайдаланатын және оны басқаратын жеке немесе заңды тұлға бола алады. Оператор деп дербес деректерді жинауды, өңдеуді және қорғауды жүзеге асыратын тұлға немесе мемлекеттік орган есептеледі.

Айта кетейік, бұйрық 22 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.

Еске салайық, тамыз айында Mash басылымы 15 млн қазақстандықтың деректері желіге таралғанын мәлімдеген болатын. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бұл ақпаратқа жауап берді. Алайда бірнеше сағаттан кейін Министрлік eGov бұзылғанын және 15 миллион азаматтың деректерінің таралғанын жоққа шығарды. Тексеру даркнетте сатылған файлдардың жүйеге қатысы жоқ екенін көрсетті.