2026 жылдың басынан бері Қазақстанда Денге қызбасының әкелінген бес жағдайы тіркелді, деп хабарлайды infohub.kz.

Денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарды Денге қызбасының әкелінген жағдайлары туралы ескертті. Осыған байланысты Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті шетелге демалуға баратын азаматтарға ұсыныстар жасады.

Сапарда өзіңізді қалай қорғауға болады

«Ағымдағы жылдың басынан бері Қазақстанда Денге қызбасының әкелінген бес жағдайы тіркелді. Осыған орай, тропиктік және субтропиктік климатты елдерге баратын туристерге қарапайым ережелерді сақтау ұсынылады», – делінген ведомство хабарламасында.

Олардың қатарында:

  • кондиционерлері мен терезе-есіктерінде москит торлары бар қонақүйлерді немесе тұрғын үйлерді таңдау;
  • экскурсиялар мен табиғат аясында серуендеу кезінде, әсіресе, денеңізді барынша жауып тұратын киім кию (ұзын жең, шалбар);
  • балаларды жабық киім кигізіп, арбалар мен көтергіштерді міндетті түрде москитке қарсы торлармен жабу;
  • жәндіктерді қорқыту үшін репелленттер қолдану. Күннен қорғайтын крем қолданылса, оның үстіне репеллент жағу керек.

Симптомдары

Денге қызбасының негізгі белгілеріне ең алдымен қалтыраумен бірге 39–40 градусқа дейінгі жоғары температура, бұлшықеттерде, сүйектер мен буындарда қатты сырқырау, сондай-ақ көз аймағында өткір ауырсыну жатады. Сонымен қатар, бұл ауру кезінде денеден мол бөртпе шығып, бет пен мойын қызарады. Жұқтырғандарда жүрек айну, жиі құсу, тәбеттің жоғалуы, айқын әлсіздік, бас айналу, тершеңдік және лимфа түйіндерінің ұлғаюы байқалады.

«Егер сапардан оралғаннан кейін денсаулығыңыз нашарласа, дереу дәрігерге қаралып, болған еліңіз туралы міндетті түрде хабарлаңыз», – делінген Комитет хабарламасында.

Бұған дейін «Курсив» Денге қызбасына қарсы Butantan-DV вакцинасы клиникалық сынақтардан өткенін жазған болатын. Бір дозаның аурудан жылдар бойы қорғай алатыны расталды. Бұрын адамның ауырған-ауырмағанына байланысты бірнеше доза қажет болатын.