Қазақстанның жылжымайтын мүлік нарығында ерекше хабарландыру пайда болды. Шығыс Қазақстан облысында 22,5 гектар аумақты тұтас арал сатылымға шықты. Оның бағасы – 10 миллион доллар, деп хабарлайды infohub.kz.

Хабарландыру жергілікті журналистердің назарын аударды. Оны халықаралық жылжымайтын мүлік агенттігінің негізін қалаушы жариялаған. Аралдың нақты орны ашық көрсетілмеген – толық ақпарат тек әлеуетті инвесторларға ғана беріледі. Жер жеке меншікте және бірыңғай инвестициялық жоба ретінде қарастырылады.

– Бұл танымал нысан жасауға арналған орын: элиталық демалыс орны, жабық клуб немесе ірі туристік кешен салуға мүмкіндік бар. Үлкен су айдыны, жеке кеңістік, табиғи ландшафт және даму әлеуеті бар, – делінген хабарландыруда.

Мұндай ұсыныстар аймақта бұрын да болған. 2020 жылы Бұқтырма су қоймасында Қаздар аралы сатылымға қойылған болатын. Сонда жергілікті билік аумақтың жеке меншікте екенін түсіндірген. 1990-жылдары бұл жер жеке тұлғаға жалға беріліп, 2007 жылы оның меншігіне өткен.