Қарағанды облысында жұмыссыздарды қысқа мерзімді кәсіптік оқыту бағдарламасы басталды. Оған сәйкес 250 адам жаңа мамандық алады. Биыл облыста барлығы 481 тұрғынды оқыту жоспарланған, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Оқыту білім беру мекемелері мен оқу орталықтарында ұйымдастырылған. Мамандықтар тізімі: аспаз, шаштараз, тігінші, тігінші-киім үлгісін жасаушы, слесарь-жөндеуші, бухгалтер-кассир, жинаушы, электрогазбен дәнекерлеуші, 1С операторы, бағдарламашы, маникюр шебері және т.б. Мамандықтар тізімі жұмыс берушілердің өтінімдері негізінде жасақталған.
Ең көп сұранысқа ие болған курстар – маникюр шебері және шаштараз. Одан кейін аспаздар, содан соң веб-мастерлер мен веб-дизайнерлер. Полиграфиялық жабдықты реттеуші және кітап түптеуші мамандықтарын игергісі келетіндер ең аз.
Курстардың ұзақтығы біліктілік күрделілігіне қарай 3 айдан 6 айға дейін. Қатысушыларға ай сайын 32 681 теңге көлемінде шәкіртақы, жол жүруге 4 АЕК (14 768 теңге), тұруға 10 АЕК (36 920 теңге) өтемақы төленеді. Медициналық тексеруді мемлекет 2 АЕК (7 384 теңге) мөлшерінде төлейді.
Оқу аяқталғаннан кейін бағдарламаға қатысушылардың әрқайсысы тұрақты жұмыс орнына орналастырылады. Қысқа мерзімді курстарға өтінімдерді қабылдау Қарағанды облысының қалалары мен аудандарындағы мансап орталықтарында жалғасуда.


