Қарағанды облысында полицейлер ауа райының қолайсыздығын пайдаланып, тайғақ жолда қауіпті маневрлер жасаған үш жүргізушіні анықтады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Ішкі істер министрлігінің медиапорталы мәлім еткендей, Абай ауданындағы Топар кентінде полицейлер мұз қатқан жолда дрифт жасаған BMW және Volkswagen маркалы үш көлікті анықтады.

«Қауіпті маневрлер мен қоғамдық тәртіпті бұзғаны үшін 18 бен 21 жас аралығындағы жас жігіттер жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты ұсақ бұзақылық және маневрлеу ережелерін бұзу фактілері бойынша әкімшілік хаттамалар толтырылды. Сот шешімімен айыппұлдар тағайындалды», — деп атап өтті ведомствода.

Сонымен қатар ауа райының күрт нашарлауы — жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ пайда болуына байланысты Қарағанды облысында жол қауіпсіздігіне бақылау күшейтілді. Қарағанды — Алматы бағытында полицейлер жазғы шиналармен жүрген 30-дан астам көлікті тоқтатты. Олардың жүргізушілеріне әрі қарай жүруге рұқсат берілмей, қалаға қайтарылды.

Жұмыстар тек жүргізушілермен ғана емес, автомобиль жолдарының жай-күйіне жауапты ұйымдармен де жүргізіліп жатқаны атап өтілді. Полицейлер республикалық маңызы бар жолдарда 23 тексеру жүргізді. Анықталған бұзушылықтар бойынша 16 нұсқама беріліп, бес ұйым жолдарды тиісті деңгейде ұстамағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.