Әлемге әйгілі рэпер Канье Уэстің Алматыдағы концерті ресми түрде расталды. Қала әкімдігі мен қазақстандық концерттік агенттік өнер көрсету туралы ақпаратты растады, деп хабарлайды infohub.kz.
Бұған дейін әртіс менеджері Джозеф Карре концерттің ықтималдығы жайлы айтқан еді. Енді өнер көрсету 14 тамызда сағат 21:00-де Орталық стадионда өтетіні белгілі болды. Қазақстандық маркетингтік холдинг First Media Group Instagram-да афиша жариялап, бұл Канье Уэстің Қазақстандағы жалғыз концерті екенін көрсеткен. Билет сатылымы 20 шілдеде сағат 12:00-де басталады.
Ye деген атпен де танымал Канье Уэст — американдық рэпер, музыкалық продюсер және дизайнер. Ол 1977 жылы 7 маусымда АҚШ-тың Джорджия штатындағы Атланта қаласында дүниеге келген. Уэст Чикагода өсіп, қалалық хип-хоп қауымдастығына қатысқан. Үшінші сыныпта рэп оқи бастап, жетінші сыныпта биттер жасай бастаған. 1996 жылы оның аты алғаш рет чикаголық рэпер Grav-дың Down to Earth альбомында пайда болды, Уэст бұл альбомға бірнеше бит жазған.
2004 жылдың ақпанында ол The College Dropout атты алғашқы альбомын шығарды, ол бірден Billboard 200 чартында екінші орынға көтерілді. Through the Wire синглы Billboard Hot 100-де 15-ші орында бес апта тұрды. Альбом АҚШ-та үш рет платиналық атанды және Уэстке 2005 жылы «Грэммидің» он номинациясын әперді, оның ішінде «Үздік рэп-альбом» категориясын қоса алғанда үш санатта жеңіске жетті.
Канье Уэст — ең көп атақтарға ие әртістердің бірі: мансабында 75 рет «Грэммиге» ұсынылып, 24 мүсінше алған. 2005 және 2015 жылдары Time журналының әлемдегі ең ықпалды 100 адамы тізіміне екі рет енген.


