Джонни Депп «Кариб теңізінің қарақшылары» фильмінің бірінші бөлімі түсіріліп жатқанда Disney студиясының басшылығына өзін жұмыстан шығарып, орнына басқа актер алуды ұсынған. Бұл туралы Марк Силдің 24 қарашада жарық көретін «Джонни Депптің көптеген бейнесі» атты жаңа биографиясынан үзіндіде айтылады, деп хабарлайды infohub.kz сайты.

Page Six басылымының жазуынша, кітапта Disney басшылығымен болған қақтығыстың мән-жайы ашылады: студияға кейіпкердің алтын тістері, гримі және түсініксіз сөйлеуі ұнамаған. Депптің айтуынша, кейіпкер оған сценарийді оқыған бойда ұнаған, алайда өз ойларын әуелде құпия ұстаған.

Алаңдаушылықтың алғашқы себебі — актер тісіне салдырған бриллиант қондырылған алтын қаптамалар болды. Түсірілім тобының мүшелері мұны асыра сілтеу деп санап, сол кездегі Walt Disney Motion Picture Group басшысы Дик Кукқа хабарласқан. Көп ұзамай дредтер, бандана, ашық түсті көз бояуы, теңселіп жүрісі және қарақшының түсініксіз сөйлеуі де сұрақ тудырды.

Сол кездегі Disney бас директоры Майкл Айснер көрермен кейіпкердің сөздерін түсінбей қалады деп қауіптеніп, Депптің ойыны фильмді бүлдіреді деп есептеген. Студия басшылары актерден кейіпкерді мас немесе гей етіп көрсетіп жатқан жоқ па деп те сұраған, Депп бұған әзілмен жауап беріп, өзінің барлық кейіпкерлері гей екенін айтқан. Басшылардың наразылығына қарамастан, актер The Rolling Stones тобының гитарисі Кит Ричардстан және теңізші Бернар Муатесьенің кітабынан ішінара шабыт алған ойын мәнерін өзгертуден бас тартып, студияға басқа актер табуды ұсынған.

Ақырында Депп жобада қалды: 2003 жылы шыққан «Кариб теңізінің қарақшылары: Қара маржанның қарғысы» фильмі оған «Оскар» сыйлығына номинация әкелді, ал франшизаның бес бөлімі әлемдік прокатта 4,5 миллиард доллардан астам қаражат жинады. 2015 жылы компания оған «Disney легендасы» атағын берді, алайда 2022 жылы Эмбер Хердке қарсы жала жабу туралы сот барысында Депп франшизаға 300 миллион доллар мен миллион альпакқа да қайтпайтынын растады.