Ислам даму банкі Қазақстандағы су шаруашылығы жобаларын іске асыруға гранттар мен қаржы бөледі, деп хабарлайды infohub.kz.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Сауд Арабиясына жұмыс сапарымен барды. Онда Ислам даму банкінің (ИДБ) жылдық отырысы өтуде.

Қазақстаннан басқарушы ретінде Нұрлан Байбазаров ИДБ тобының президенті Мұхаммад Әл-Джассер және Ислам инвестициялар мен экспорттық несиелерді сақтандыру корпорациясының (ICIEC) бас атқарушы директоры Үсама Қайсимен кездесу өткізді.

ААА деңгейіндегі рейтингі бар Ислам даму банкі әлемдегі ең белсенді көпжақты даму банктерінің бірі және ислам қаржысы саласындағы көшбасшы. Ол қатысушы елдердің әлеуметтік және экономикалық дамуына үлес қосады.

Мұхаммад Әл-Джассермен кездесудің басты тақырыбы Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын жаңғырту жобаларын қаржыландыру болды. Биылғы рекордтық тасқын суларға байланысты бұл бағыт үкіметтің басым бағыттарының бірі.

Елдің су ресурстары әлеуетін сақтау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірқатар шұғыл шаралар қарастырылуда. Оның ішінде су қоймаларын, гидротехникалық құрылыстарды және суару жүйелерін салу мен қайта жаңарту, сондай-ақ цифрландыру және су үнемдеу технологияларын енгізу бар.

Кездесу қорытындысы бойынша ИДБ тобының Қазақстан Республикасының су жобаларына ауқымды инвестициялар жіберуі, сондай-ақ тиісті техникалық құжаттаманы дайындауға гранттар бөлуі туралы келісімге қол жеткізілді. Алғашқы транштар биылғы жылы келіп түседі.

ICIEC-пен келіссөздер аясында «Бәйтерек» холдингінің ұйымдары – KazakhExport экспорттық-несиелік агенттігі және Қазақстан Даму Банкімен қайта сақтандыру, сақтандыру және кепілдік беру бойынша ынтымақтастық туралы келісімдерге қол жеткізілді. Компаниялар көлік инфрақұрылымы, сауданы қаржыландыру және инвестицияларды сақтандыру саласындағы бірлескен жобаларға мүдделі.

Еске сала кетейік, Қазақстан Ислам даму банкінің мүшесі 1995 жылы болды. Осы уақыт ішінде ИДБ тобының қатысуымен республикада жалпы сомасы 1,8 миллиард долларға жуық 67 жоба іске асырылды.