Tesla және SpaceX компанияларының негізін қалаушы Илон Маск жаңа ауқымды инфрақұрылымдық бастама көтерді: оның The Boring Company компаниясы Техас штатындағы Остин мен Сан-Антонио қалаларын жалғайтын Hyperloop жерасты магистралінің тұжырымдамасын ұсынды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
TechCrunch басылымының жазуынша, сөз екі ірі қаланы қосатын жоғары жылдамдықты тоннель туралы болып отыр. Олардың арасы шамамен 130 шақырымды құрайды.
Компанияның тұсаукесеріне сәйкес, жоба – ішінде жолаушылар мен көлік капсулалары жоғары жылдамдықпен, ішінара вакуум жағдайында қозғала алатын жерасты тоннелі.
The Boring Company мамандарының айтуынша, жобаны жүзеге асыру Остин мен Сан-Антонио арасындағы жол жүру уақытын санаулы минутқа қысқартып, жерүсті автомобиль трассаларындағы жүктемені айтарлықтай азайтады және өңірдің көлік байланысын жақсартады.
Илон Маск Hyperloop жоғары жылдамдықты вакуумдық пойыздар идеясын алғаш рет 2013 жылы жариялаған болатын. Содан бері тұжырымдама АҚШ-тың түрлі бағыттары үшін бірнеше рет талқыланды, алайда әзірге компания Лас-Вегастағы жұмыс істеп тұрған кешен сияқты Tesla электромобильдеріне арналған Loop жерасты тоннельдерін салуға баса назар аударып отыр.
Техастағы ұсынылған жоба талқылаудың бастапқы кезеңінде тұр және жергілікті билікпен келісуді, экологиялық әсерді бағалауды және қаржыландыру мәселелерін шешуді талап етеді.


