Қазақстанда жаңа Hyundai Tucson өндірісі жолға қойылады. Тиісті келісімге Hyundai Motor Company мен Astana Motors компаниялары Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың HMG стратегия және жоспарлау бөлімшесінің басшысы Сунг Киммен кездесуі қорытындысында қол қойды, деп хабарлайды infohub.kz сайты.
Іске қосылатын нақты мерзімі мен көлемі әзірге нақтыланған жоқ.
Кездесу барысында тараптар Қазақстандағы инвестицияны кеңейту, өндірістік қуатты арттыру және жергілікті өндірісті тереңдету мәселелерін талқылады. Президент Тоқаев автокомпонент шығарылымын ұлғайтып, автомобиль саласының экспорттық әлеуетін арттыру қажеттігін атап өтті.
Қазір Hyundai көліктерді Алматыдағы Hyundai Trans Kazakhstan зауытында шығарады. Мемлекет басшысы Қостанайдағы Kia кәсіпорнының рөлін де атап өтіп, Қазақстанды толық циклді дамыта отырып, автомобиль өндіру мен экспорттаудың өңірлік орталығына айналдыру міндетін қойды.
Hyundai өз тарапынан қатысуын кеңейтіп, жергілікті өндірісті тереңдету ниетін растады. Ынтымақтастықтың жеке бағыты ретінде электр көлігі — электромобильдер мен олардың компоненттерін өндіру, сондай-ақ қуаттандыру инфрақұрылымын дамыту аталды.
Жаңа «Туссанның» сыртқы келбеті айтарлықтай өзгеріп, алдыңғы буынмен салыстырғанда үлкейген. Кроссовердің ұзындығы 4700 мм-ге, дөңгелек базасы 2785 мм-ге жетті, ені 1905 мм, биіктігі 1685 мм болды. Ішкі көрінісі де қайта жасалды. Салонда физикалық басқару элементтері сақталып, олар үлкен орталық экранмен және цифрлық аспаптар тақтасымен толықтырылды.
Бұған дейін Курсив Авто Қазақстанда ең көп сатылатын маркалар арасында Hyundai көш бастап тұрғанын, ал Tucson танымал модельдер арасында екінші орынға шыққанын хабарлаған еді.


