Ресей Федерациясындағы ең ірі мұнай-химия кешендерінің бірі «Газпромнефтехим Салават» дрон шабуылы салдарынан мұнай мен газ конденсатын өңдеуді тоқтатты, деп хабарлайды infohub.kz.
Reuters агенттігінің екі салалық дереккөзге сілтеме жасауынша, өңдеу 14 шілдеден бастап тоқтатылған. Бұған дейін Башқұртстан басшысы Радий Хабиров Салаваттағы кешен аумағында дрон соққыларынан құбыр және кабель эстакадалары зақымдалғанын, сондай-ақ өрт ошақтары пайда болғанын хабарлады.
Reuters дереккөздерінің мәліметінше, кәсіпорында бастапқы өңдеудің екі қондырғысы — АВТ-6 және АВТ-4 істен шығып, тоқтатылған. Сонымен қатар, кейбір екіншілік қондырғылар мен цехаралық коммуникациялар зақымданған. АВТ-6 қондырғысы тәулігіне 17,1 мың тонна мұнай мен газ конденсаты қоспасын өңдей алады, бұл зауыт қуатының шамамен 60% құрайды. АВТ-4 қалған 40% қуатты — тәулігіне шамамен 11,4 мың тоннаны қамтамасыз етеді.
Дереккөздердің бағалауынша, шабуылдың зардаптарын жоюға және өңдеуді ішінара қалпына келтіруге бірнеше аптадан бірнеше айға дейін уақыт кетуі мүмкін. «Газпромнефтехим Салават» — Ресейдегі көмірсутек шикізатын толық циклмен өңдейтін ірі мұнай-химия кешендерінің бірі. Кәсіпорын бензин, дизель отыны, керосин, сұйытылған газдар, полиэтилен, акрил қышқылы, аммиак, карбамид және басқа да өнімдер шығарады.
Салалық дереккөздердің мәліметінше, 2024 жылы зауыт 7,2 млн тонна мұнай шикізатын өңдеген, бұл Ресейдегі жалпы өңдеу көлемінің шамамен 2,7% құрайды. Зауыт сонымен қатар 1,5 млн тонна автобензин, 2,5 млн тонна дизель отыны және 0,7 млн тонна мазут өндірген. «Газпромнефтехим Салаваттың» иесі — «Газпром добыча Тамбей» («Газпром» мен «Русгаздобычаның» бірлескен кәсіпорны).


