Америкалық зерттеушілер шамамен 50 жаста мидың иммундық жүйесінде ауқымды қайта құрылымдау басталатынын анықтады. Бұл қартаю мен деменцияның дамуы арасындағы байланысты түсіндіруі мүмкін, деп хабарлайды infohub.kz.

Сан-Диегодағы Калифорния университетінің, Нью-Йорк геном орталығының және Ирвайндағы Калифорния университетінің мамандары 20 бен 95 жас аралығындағы 40 сау адамның гиппокамп тінін зерттеді. Гиппокамп — мидың оқу мен есте сақтауға жауапты аймағы.

50 мен 75 жас аралығында мидың негізгі иммундық жасушалары — микроглия саны біртіндеп азаятыны белгілі болды. Олардың орнын қабыну сигналдарының жоғары деңгейі бар, перифериялық қан жасушаларына ұқсас жасушалар басады. Бұған дейін микроглия эмбриогенез кезінде қалыптасып, өмір бойы тек өздігінен жаңарады деп есептелінетін.

Зерттеу тобы гендердің белсенділігі мен геномның үш өлшемді құрылымын зерттеді. Жұмыс авторы Нейтан Земкенің айтуынша, әдістердің үйлесімі иммундық жасушалардың шығу тегінің өзгеруін ашуға көмектесті. Ғалымдар сондай-ақ гематоэнцефалдық бөгеттің жұмысындағы бұзылуларды атап өтті.

Авторлардың бірі Бин Реннің айтуынша, бұл процестер қартаюдың Альцгеймер ауруына қалай алғышарт жасайтынын түсіндіреді. Болашақта бұл жаңалық ми қызметін сақтау әдістерін әзірлеуге көмектеседі.